Небары 6 жасында әлем чемпионы атанған Екібастұз тұрғынына Президент сыйлығы табыс етілді. Хадия Қонаева өткен айда Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем біріншілігінде 11:0 есебімен таза жеңіске жетті.
Кішкентай жеңімпазды әкесі жаттықтырады. Самат Қонаевтың джиу-джитсумен шұғылдануына омыртқа ауруына шалдығуы себеп болған. Спорттың арқасында сырқатты жеңіп, жеті баласының алтауын жекпе-жекпен айналысуға баулиды. Бүгінде олардың бәрі – спорт шебері. «Хадияның алтын медалі – отбасымыздағы тәрбиенің, тәртіптің жеңісі», дейді С.Қонаев.
Су перілерінің сайысы
Қытайлар спорттың жаңа түрін ойлап тапты. Ерекшелігі сол, жарыста су перілері сайысқа түседі.
Қытай елі аталған бәсекеден алғашқы Азия кубогін де өткізіп үлгерді. Оған 70-ке тарта спортшы қатысып, жарысты тамашалауға мыңдаған турист келген. «Үстерінде су перілерінің киімі болғандықтан, бұл өнер сайысы оңай емес. Саяхатшылар да осындай шоу түріндегі жарыстарды көруді ұнатады. Ең бастысы, Үкіметтен қолдау бар», дейді жарыстың бас төрешісі Хуан Сяоин.
Джексонның жарияланбаған әні
Сан-Францискода Майкл Джексонның бұған дейін еш жерде жарияланбаған әндері табылды.
Қаладағы қойманың бірінде сақталған кассеталарда әйгілі әншінің 12 жазбасы бар екен. Бұларды тапқан Грегг Мусгров есімді қала тұрғыны «поп музыка королінің» жобаларын басқаратын компанияға хабарласқан. Бірақ ондағылар белгісіз себептермен жазбаларды сатып алудан бас тартқан. Енді ер адам кассеталарды аукционда сатуға ниетті.