• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Өзіміздің Жанна-Мари

404 рет
көрсетілді

Негізгі әңгімеміздің басты кейіпкері Жанна-Мари Вебердің ата-бабалары Германиядан Ресейге І Петр патшалық еткен заманда қоныс аударып, одан соң Қазақстанға келіп тұрақтайды. Жанна-Маридің әкесі Александр Вебер неміс ұлтынан болса, анасы Ғалия Тоқтамқызы қазақ, осы Жымпитының тумасы екен. Ж.Вебер Қ.Мырзалиев атындағы Жымпиты орта мектебінің түлегі. Отбасында, мектепте қазақ тілінде майын тамыза сөйлей білетін ол кезінде марқұм әкесі Александр Анатольевичтің көңілін едәуір өсіріп, марқайтып тастайтындығы да рас-ты. Ж.Вебер Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының заң факультетін, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің педагогика және психология бөлімін бітірген білдей маман. Еңбек жолын аудандық АХАЖ бөлімінде «Ақ отау» қазыналық мекемесінің директорлығынан бастаған неміс қызы бүгінде Сырым аудандық сотының кеңсе меңгерушісі қызметін атқарады. Ұлты неміс болса да  өзін қазақ өкілі ретінде санайтын Жанна-Мари Александровна отбасында қазақ, неміс ұлтының тағамдарын тіл үйіретіндей етіп дайындауға  мән береді. Сондай-ақ, ол қазақ тілінің мәртебесін көтеру, насихаттау бағытында өзіндік біліктілігін, зеректілігін танытып, кейбір «мен қазақпын» деп кеуде соғатындардың өзін таң-тамаша қалдырады. Осы тұрғыда айта кетерлік жайттың бірі – қазақ тілінде еркін, майын тамыза сөйлейтін Жанна-Мари «Тіл – татулық тірегі» атты құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлері арасында өткізілген былтырғы республикалық байқауда жүлделі  3-орынға ие болып Бас Прокурор А.Дауылбаевтың қолынан «Алғыс хат» алса, «Мемлекеттік тіл – мерейім» атты облыстық байқауда екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Мемлекеттік тілдің мерейін халық арасында кеңінен насихаттау, яғни өзін өзі таныстыру, мақал-мәтелдер айту, ән, өлең-жыр сайыс­тарында алдына қара салып көрмеген Ж.Вебер – облыстық сот, ­аудан әкімдігі тарапынан Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарға бірнеше дүркін қатарынан ие болған жан. – Қазақстан мен үшін ыстық. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері бірлік, достық жағдайында өмір сүруде. Өзім Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде түрлі шараларға қатысып, бірлік, бейбітшілік, қоғамдық келісім сияқты басты құндылықтарды насихаттауға өзіндік үн қосудамын, – дейді Ж.Вебер әңгіме арасында. Жанна-Маридің ұлы Раджан өзінің жолын қуған заңгерлік салада болса, марқұм атасының есімін иеленген ұлы Александр ақын Қ.Мырзалиев атындағы мектептің 4-сыныбында оқиды. Жанна-Мари Александровна биылғы жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жариялануын қуаттай отырып, елдегі көпұлтты халық арасындағы достықтың нығая беретіндігіне бек сенімді. Мүсірбек АЙТАШЕВ. Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы.