• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 16:40

Елордада 24 жайлы мектеп салынады

40 рет
көрсетілді

Астанада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24 мектеп салынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жыл сайын қалада мектеп жасындағы балалардың саны орта есеппен 20 мың адамға артып келеді. Мәселені шешу үшін жыл басынан бері 18 мектеп, оның ішінде 11 «жайлы» мектеп пайдалануға берілді. Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асырудың арқасында екі ауысымда 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Біз алдағы жылдарға негіз дайындап жатырмыз. Мәселен, келесі жылы тағы 20-ға жуық мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар қала әкімі елордада 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланып отырғанын айтты. Бірінші кезең аясында 3000 орындық 10 балабақшаның құрылысы басталған. Сондай-ақ 17 жекеменшік балабақша салынып жатыр.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін заманауи 15 Оқушылар сарайын салу міндетін қойды. Оның екеуі жұмыс істеп тұр, үш нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, қалғандары жобалық сатыда.