Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың, Астана қаласындағы «Оберег» украиндар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тамара Ширмердің қатысуымен Ассамблея жылына арналған жиын өтті. Шара барысында Қуаныш Сұлтанов пен Тамара Ширмер «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық тарихы» тақырыбында дәріс оқыды.
Жиында сөз алған Ералы Тоғжанов биыл ел тарихында мән-мағынасы терең оқиғалар ұйымдастырылатынын, бұған халық болып атсалысу қажеттігін жеткізді. Айналамызда болып жатқан көп жағдайды білесіздер. Оның ішінде халықаралық жағдайларды. Демек, осындай кезеңде ішкі саясаты мықты елдің ғана сыртқы саясаты да мықты болады. Ал ішкі саясатымыз мықты болу үшін халқымыз бір бола білуі керек. Осы орайда, яғни Ассамблея жылы аясында түрлі кездесулер өткізіледі. Бұлардың барлығы жайдан-жай емес, деді ҚХА Төрағасының орынбасары. Осылай дей келе, ол Ассамблеяның тарихына да қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ, Украинада дәл қазіргідей шиеленісті жағдайлар орын алады деп ешкімнің де ойламағанын көлденең тартты. Міне, осындай жағдайларды үнемі назарда ұстап отыруымыз керек. Біздегі тұрақтылық пен бірліктің, келісімнің арқасында мемлекет өзінің дамуына алғышарт жасай білді. Оған 1995 жылы құрылған ҚХА-ның қосқан үлесі зор. Біз жұртшылыққа оның маңызын әрдайым жеткізіп, түсіндіріп отыруымыз керек, деді бұл орайда Ералы Лұқпанұлы.
Қуаныш Сұлтанов: «Биылғы жылы бірін-бірі жалғастырып, бірін-бірі толықтыратын ауқымды шаралар өтеді. Олар бір жағынан, мерекелік шаралар, екінші жағынан, қоғамдық, мемлекеттік, халықтың рухани, саналық өсіп-өркендеу дәуірінің көрсеткіштері. Сондықтан, Елбасының тапсырмасы бойынша, барлық салада осы оқиғаларға дайындықтар жүріп жатыр. Бұл өз-өзімізді тануымызға сеп болады. Бұл мемлекетіміздің қандай жолдармен жүріп келе жатқандығын, ұлтымыздың қаншалықты деңгейде өскендігін, кімнің кім екенін білуге де сеп болады. Мемлекетті жасайтын қоғамның әрбір мүшесі. Біз мемлекетіміздің жаңа замандағы іргетасын жасап, ұлтымыздың өсуіне, ел әлеуетінің қуаттануына бәріміз мүдделес болуымыз керек», деді.
Осылай дей келе, Қ.Сұлтанов Ассамблеяның құрылу кезеңдері жөнінде баяндап берді. Кез келген шешім, оның ішінде Елбасы деңгейіндегі тарихи шешімдер үлкен пікір алысулардан өткен. Ол кезінде жария болмаған, қазір де солай. Қазір мемлекеттің тағдырына қатысты мәселелер болса, оны Президент сол мәселеге өкілетті азаматтармен, мамандармен бірнеше рет сараптай отырып, шешім жасап жатады. Ал егер шегініс жасап, 1991 жылды еске алатын болсақ, ол кезеңді бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Ол кездегі үдерістердің өзі де басқаша еді. Алайда сол кездің өзінде халықтың тыныштығы мен бірлігін қамтамасыз ету мәселесі көп айтылатын. Егер де бірлік болмаса, ішкі тұрақтылық болмаса, қандай да бір реформа туралы сөз қозғаудың өзі артық. Бұл жайында әр күн сайын Мемлекет басшысы айтып келеді. Қазақстан – көпэтносты ел. Ал осындай елде кез келген жағдай кез келген сәтте ушығып кетуі әбден мүмкін. Демек, осыдан-ақ ҚХА-ның рөлі қандай болатыны айқындала түседі. Бүгінде бұл институттың қоғамдық келісімді өзек еткен идеясы ғана маңызды болып отырған жоқ, оның мемлекеттің құрылымына ықпал-әсері де жыл өткен сайын артып келеді, деді Қ. Сұлтанов.
Сондай-ақ, шараға қатысушылар этносаралық және қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін жан-жақты насихаттау бағытында әлі де жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».