Елорда • Бүгін, 14:40

Астана тұрғыны жалға алған затын ломбардқа өткізіп жіберген

22 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алдау жолымен бөтеннің мүлкін бірнеше рет жымқыру фактісі бойынша тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астана тұрғыны жалға алған затын ломбардқа өткізіп жіберген

2024 жылдың қазан айында сотталушы С. алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жәбірленуші М-дан Sony PlayStation 5 ойын құрылғысын жалға алып, оның рұқсатынсыз ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны өз қалауы бойынша жұмсап, құрылғыны қайтарып бермей, жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған.

Өз әрекеттерімен С. жәбірленуші М-ға 300 мың теңге сомасында материалдық залал келтірген.

Әрі қарай ол осыған ұқсас алаяқтық жасап, жәбірленуші К-ны алдап, 360 мың теңге сомасында материалдық шығын келтірген.

Сотталушының кінәсі өзінің мойындау айғақтарымен, жәбірленушілердің айғақтарымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Прокурор 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушы өз кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, залалды өтеп, іс бойынша дәлелдемелерді дауламады.

Жәбірленушілер жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды.

ҚК 190-бабы 3-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде шын жүректен өкінуін таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен С. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.