• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2015

Меморандум тұрақтылықты қамтамасыз етеді

426 рет
көрсетілді

Қостанайға Премьер-Ми­нис­трдің орынбасары Бердібек Са­парбаев бастаған құрамында бірқатар министрліктер мен ұлттық компаниялар өкілдері бар делегация келді. Бұл сапар жаһандық қаржы дағдарысының елге зардабы болмауы үшін оның алдын алу мақсатын көздейді. Дағдарыс жалпы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды қиын­дат­пағанымен, көрші Ресей рублінің құнсыздануы қостанайлық кә­сіпорындар жұмысына бірден әсер етті. Мысалы, Үкімет делегациясы мен жергілікті кәсіпорын басшыларының меморандумға қол қою рәсімі атшаптырым цехында өткен «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамының жұмысына дағдарыс қазірдің өзінде салқынын тигізіп отыр. Қазақстанда машина жасау саласының дамуына зор үлес қосып отырған «АгромашХолдинг» зауыты шетелдік жеңіл автомобильдер мен ауылшаруашылық техникаларының түр-түрін өндіреді. Кеңесте осы компа­ния­ның басқарма төрағасы Алек­сей Сидоренко айтқандай, «Агро­машХолдинг» акционерлік қоғамы өткен жылы 8,5 мың машинаны сапқа қойған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық болатын. Кәсіпорын биыл да 20 мың машинаны шығаруды жоспарлаған еді. Алайда, «үйдегі ойды базардағы нарық бұзып», дағдарыс талма жерден тиіп отыр. Ресей рублі құнсызданған аз ғана уақыттан бері қазақ­стан­дықтар көрші елден 40 мыңнан аса машина әкелді. Әрине, бұл отандық машина жасау кәсіп­орнының жұмысына бірден кері әсерін тигізді. – Әлемнің көп елін шарпып отырған дағдарысқа төтеп беру үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар талап қойып, тапсырмалар беріп отыр. Соның ең бастысы халыққа жұмыс беру, жұмыссыздар санын көбейтпеу, әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне жол бермеу болып табылады. Елімізде 8 мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп жатыр, солардың арқасында 400 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы тиіс. Мұның барлығы ішкі мүмкіндіктерімізді пайдаланғанда жүзеге асады, – деді Бердібек Сапарбаев. Даму болмаса дағдарыс меңдей береді. Бұл орайда Қостанай облысында көңілге қонымды жұмыстар бар. Өткен жылы шағын және орта бизнес бюджетке 22,8 миллиард теңге қаржы құйды. Соңғы жылдары өндірістің қадамы қарышты болды. Осындай мысалдар жеткілікті. Алайда, дағдарыс кезінде өндірген өнімің өтпесе, ол да кәсіпорындар қадамын тұсайды. Сондықтан Б.Сапарбаев көрші облыстар арасындағы алыс-берісті кеңейту керектігін айтты. Б.Сапарбаев еңбекақы қарызын көпке ұзатпауды облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовқа нақты тапсырды. Облыста ол қазір 55 миллион теңгені құрап отыр. Кеңес соңында Қостанай облысының әкімдігі, кәсіподақтардың облыстық кеңесі және кәсіпорындар басшылары арасында жұмысшылардың еңбек құқығы мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Облыс әкімдігімен меморандумға қол қойғандар арасында «Қазақтелеком», «ССКБӨБ», «Орион Минералс», «Баян Сұлу», «Агромашхолдинг», «Қостанай минералдары», «Арай Холдинг», «Алюминстрой», «Қостанай ұн комбинаты» және өңірдегі ірі кәсіпорындар бар. Сондай-ақ, облыстың және республиканың жүйе құрау­шы кәсіпорындарының, ұлттық компанияларының арасында қазақстандық қамтуды қамтама­сыз ету және отандық тауар өн­діру­шілерді қолдау жөнінде ынты­мақ­тастық туралы меморандумдарға да қол қойылды. Бұл меморандумдар сомасы 1 847 миллион теңгені құрайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.