• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Елорда Бүгін, 08:37

Астана жұрты шаңғысын сайлады

8 рет
көрсетілді

Елордадағы Орталық саябақта шаңғы тебу маусымы ашылды. Осының құрметіне қала тұрғындары мен қонақтары шаңғыдан өткен жарысқа қатысты.

Бұл күні орталық стадионға 300-ге жуық адам жиналды. Сая­баққа ағылғандардың бар­лы­ғы дерлік құр келмей, шаң­ғы­сын ала келіпті. Жас-кәрі түгел жүр. Үлкен-кіші өздерінің жас ерек­шеліктеріне сәйкес 500 метр, 2,5 км қашықтықта бақ сынады. Со­ңында балалар, жастар, ересек­тер арасындағы мықтылар ірік­теліп, жүлделер бөлек-бө­лек үлес­тірілді. Көпшіліктің ор­­та­сында жүрген Астана қа­ласы әкім­дігінің «Спорттық-бұ­қара­лық іс-шараларды өт­кізу дирекция­сы» спорттық-бұқара­лық іс-шараларды жоспар­лау бө­лі­мі­нің басшысы Көлбай Жан­бек­ті әңгімеге тартып, пікір­лес­кені­мізде, ол қазіргі ауа райы шаңғы тебуге таптырмайтынын айтты.

«Биылғы қыс шаңғы жарысын өткізуге өте ыңғайлы. Шаңғы маусымының ашылуын осы уақытқа жоспарлаған себебі­міз – ауа райына байланысты. Қардың қалыңдығы шаңғы жолын жоғары деңгейде жасауға мүмкіндік беріп отыр. Шаңғы – қысқы спорт түрлерінің арасында ең танымалдарының бірі. Астанада шаңғымен айналысатын тұрғындардың саны өте көп. Бүгін де шаңғы маусымының ашылуына шаңғыға баладан ең­кейген қарияға дейін қатысып жатыр. Ең қарт қатысушымыздың жасы – 83-те. Шаңғы жарысынан бөлек, шаңғы маусымының ашылуында белбеу күресі, қол күресі, арқан тартыс, кір тасын көтеру бәсекесінен сайыс ұйымдастырылды», дейді Көлбай Жанбек.

Шаңғы маусымына ата-анасымен келген ең жас қаты­су­­­шы­лары­ның бірі, Кеңшілік Ахмат қазір 9 жаста.

«Шаңғы маусымына адам көп жиналыпты. Балалар да аз емес. Негізі өзім жүзумен айна­лы­самын. Ал қыс мезгілінде шаң­­ғыға ден қоямын. Шаңғы­мен шұ­ғылданғаныма жылдан асып қалды. Соның арқасында төзімділігімді арттырдым. Спорт­та жетістікке жетсем, оның өмі­ріме де септігін тигізетініне сенім­дімін. Сондықтан жыл са­йын ата-анаммен бірге шаңғы тебуге келуге тырысамын», дейді кішкентай шаңғышы.

Шаңғы маусымының ашылуында жарысқа қатысқан қала тұрғындары 7 жас санаты бойын­ша сынға түсті. Мәре сызығын алғашқылардың бірі болып кесіп, жүлдеге іліккендер медаль, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша, қала тұрғындары тағы бір күнді шат-шадыман көңіл күйде өткізді.