Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын елорда аула клубтарының тәрбиеленушілері «Динамо» аула клубында өткен жаңажылдық кешке қатысты.
Кеш барысында жыл қорытындыланды. Биыл ерекшеленген спортшыларға құрмет көрсетілді. Олар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ел чемпиондары мен түрлі республикалық байқаулардың жеңімпаздары да мақтау, марапаттан құр қалмады. Мерекелік бағдарламаға жас спортшылардың ата-аналары мен бапкерлері де қатысты. Спорт пен денешынықтыруды дамытуға қосқан үлестері үшін алғысхаттар табысталып, сыйлық үлестірілді. Көрермен кадет сыныбының қойылымдарын тамашалады. «Динамо» аула клубының қызметкерлері мен жас қатысушылар концерттік бағдарламада бар өнерін ортаға салды.
Мерекелік кешке келген қала әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы аула клубтарын дамыту бөлімінің басшысы Олжас Хамитов, аула клубының жастарға берері мол екенін айтты.
«Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және қалалық Полиция департаменті жастар мен бүлдіршіндерге, қаладағы аула клубтарының тәрбиеленушілеріне жаңа жылдық мереке өткізуді ұйғарды. Бүгін міне, жыл бойы көзге түскен, түрлі додаларда дараланған үздіктерді жеке марапаттадық. Негізі «Динамо» аула клубы бұл спортпен шұғылданатын орын ғана емес, әлеуметтік дағдыны дамытатын үлкен орта саналады. Мысалы, мұнда роботтехника, тауға өрмелеу және нысана көздеу сияқты үйірмелер де бар», дейді О.Хамитов.
Иә, аула клубында кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспекциясының есебінде тұрған жасөспірімдер де шынығып, салауатты өмір салтын ұстанады екен. Бүгінде клуб қарап қалмай, бірнеше федерациямен ынтымақтастық орнатқан. Осы арқылы алда болашағынан көп үміт күттіретін жастардың шеберлігі шыңдалады деседі.
Жаңа жыл кешінде «Динамо» денешынықтыру және спорттық қоғамының тәрбиеленушісі Әдемі Жалғасбаева спорттағы үздік нәтижелері үшін сый-құрметке бөленіп, марапатталды.
«Тхэквондомен 10 жылдан бері шұғылданамын. Қара белбеу екінші дан иегерімін. Спортқа баулып, жеңіске жетуіме себепші болып жүрген бапкеріме алғыс айтамын. «Динамо» спорт клубы бүгін бізді марапаттап, мерейімізді асырды. Биылғы спорт жылында жағымды жаңалық көп екен. Мысалы, «Динамо» аула клубының 5 тәрбиеленушісі тхэквондодан ұлттық құрама сапына алынды. Әрине, бұл біз үшін үлкен қуаныш», дейді тхеквондошы қыз Әдемі Жалғасбаева.
Қазірде аула клубында шынығып жүрген өрендерді арасында бокс және қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлер бар. Жалпы мұндағы 12 үйірмеге 500-ге жуық бала қатынаса, оның ішінде 120 бала спортқа тегін қатысады. Спорт клубындағы жастар мен жасөспірімдер келер жылы да мол табысқа жетіп, жеңімпаздардың мерейі үстем болсын дейміз.