• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2015

Өндірісті өркендету керек

221 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Са­ғынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келіп, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және өңірдің ірі өндіріс орындары басшыларының қатысуымен жергілікті мазмұнды дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне арналған жиын өткізді. Жиында сөз алған Б.Сағынтаев отандық бизнесті қолдауда ұлт­тық компаниялардың тауарлар мен қызметтерді сатып алуда жер­гілікті мазмұнның үлес сал­ма­ғын арттыру бағытында Үкімет тарапынан ауқымды жұмыс­тар атқарылып жатқанын мәлімдеді. «Бұл өз кезегінде отандық кәсіп­орындардың дамуына, қуа­тын арттыруға және шығаратын өнім түрлерін көбейтуге, ең бас­тысы, жұмыс орындарын сақ­тап қалуға мүмкіндік береді. Жұ­мыс орындарын сақтап қалу – бұл Мемлекет басшысының әкім­дерге жүктеп отырған негізгі тап­сырмасы» деді Б.Сағынтаев. Әңгіме барысында Бақыт­жан Сағынтаев әлемдік дағда­рыс­тың алғашқы толқынын «Жұ­мыс­пен қамту-2020» сияқты бағдарламалардың арқасын­да жұртшылықтың оншалық­ты сезінбегенін, оның пайдалы­лығын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін білгендігін айтты. Алайда, мұнай бағасының түсуі, Ресейге бағытталған геосаясат бюджетті қайта есептетіп, орынсыз шығындардың азай­тыл­ғанын, қиын жағдайда көрпеге қарай көсілу қажеттігін алға тартты. Елбасының былтырғы қара­шада жариялаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жол­дауындағы жеті бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың негізгілерін атап өтті. Жиын қорытындысында Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімдігі мен «Қазатом­пром», «Қазақтелеком», «Қаз­­Мұ­найГаз», «Самұрық Энерго» АҚ-тар арасында жергі­лікті мазмұнды дамыту жөнін­де меморандумдарға қол қойылды. Жалпы, осы өңірде жергілікті мазмұнды дамыту шеңберінде құны 61 млрд. теңгені құрайтын меморандумдар бекітілді. Жұмыс орындарын сақтап қалу және өндірістік процестерді тұрақтандыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен өңірдегі ірі өндіріс орындары, оның ішінде «Қазатомпром», «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «ПетроҚазақстан ОйлПродактс», «Стандарт цемент» ЖШС, т.б. арасында меморандумдар түзілді. Тұтастай алғанда, осы бағыттағы жұ­мыс­тардың нәтижесінде облыста 50 мың жұмыс орындарын сақтап қалуға арналған 1057 меморандумға қол қойылды. Айта кетсек, облыс әкімдігі тарапынан 2014 жылы өңірдегі кәсіпорындарды қолдауға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жыл соңына қарай өндіріс өнімінің көлемін 104,5 пайыз арттыруға немесе 650 млрд. теңгеге жет­кізуге мүмкіндік туды. Бұл рес­публикадағы үшінші көрсеткіш болып табылады. Қолға алынған шаралардың тиімділігі ескеріліп, облыс әкімдігі дәл осындай құжатты 2015 жылы да қабылдап отыр. Қазіргі таңда өңірдегі өндіріс орындарында кездесіп отырған түйткілді түйін­дерді дер кезінде шешіп отыру үшін жұмысшы тобы құрылған. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақ­стан облысы еліміздегі қуатты индустриялы орталық­тардың біріне айналып келеді. Индустрияландыру картасы аясында құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 223 жоба іске асырылуда, олардың 65 пайызы ауылдық жерде жүзеге асып келеді, деді Б.Сағынтаев. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.