• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Тағайындау 24 Желтоқсан, 2024

Руслан Жақсылықов тағы бір қызметке тағайындалды

51 рет
көрсетілді

ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстанның спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының басшысы болып сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Руслан Жақсылықовтың кандидатурасына федерацияның барлық мүшелері бірауыздан дауыс берді. Ол бұл қызметке Айдос Ақжановтың орнына келді.

Қоғамдық бірлестіктің жаңа басшысы Руслан Жақсылықов – дзюдодан КСРО спорт шебері, бірнеше дүркін чемпион, самбо мен дзюдодан республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері.

«Федерация мүшелеріне нәтижелі жұмысы мен маған көрсеткен сенімі үшін алғысымды білдіремін. Спорттық және жауынгерлік самбо әскери және құқық қорғау қызметінде жеке құрамды даярлау жүйесінде сәтті қолданылады. Біз спорттың бұл түрін, оның ішінде әскери-қолданбалы спорт ретінде кең көлемде дамытуға үлкен күш саламыз», деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Федерацияның жаңа президенті алдағы жоспарын жариялады.

«2025 жылы самбо ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Достық армияларының әскери-спорттық ойындарының бағдарламасына және Қазақстан Қарулы күштерінің спартакиадасына енгізіледі. Сондай-ақ жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында кешенді спорттық іс-шаралар, оның ішінде ҚР Қорғаныс министрінің кубогына самбодан ашық республикалық турнир өткізу жоспарланған. Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы әскери-спорт колледжінде самбо бөлімшесін ашу жоспарда бар. Онда көп балалы отбасылар, әскерилер мен ауыл жастарының балаларына артықшылық беріледі. Спорттың бұл түрін жаппай дамыту мақсатында Қарулы күштер қатарына жауынгерлік самбодан маман-нұсқаушыларды шақырамыз», деді федерация президенті.

Аймақтық федерациялар да дамитын болады. Бүгінде 1100-дің үстіндегі секцияда қырық мыңнан астам адам самбомен шұғылданады.

Халықаралық самбо федерациясына кіретін Федерация спорттық және жауынгерлік самбоны жаппай дамытуға, сондай-ақ қазақстандық самбистердің халықаралық жарыстарда өнер көрсетуінің нәтижелілігіне барынша күш салмақ.