Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті туған күнімен құттықтап, бауырлас Әзербайжан халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынастарын дамытуға қосқан Ильхам Әлиевтің елеулі үлесін жоғары бағалады.
Президенттер екіжақты ықпалдастықтың қарқыны жоғары екенін атап өтіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективасын талқылады.
Әсіресе, жоғары деңгейдегі сапарлар кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесіне айрықша мән берілді.