ҚР Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен Қарағанды облысы полиция департаменті жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жақын шет елдердің бірінің 22 жастағы азаматы ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұсталған азаматқа ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының идентификациялық кодтарын заңсыз өзгертіп, азаматтарды алдау мақсатында пайдаланған деген айып тағылған.
«Тінту барысында дыбыс күшейткіш ретінде жасырылған арнайы құрал-жабдық тәркіленді. Бұл құрал Қазақстан Республикасы азаматтарына банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері атынан қоңырау шалып, алдау және алаяқтық әрекеттер жасау үшін пайдаланылған», делінген хабарламада.
Сонымен қатар күдіктінің жалдамалы пәтерінен 2100-ден астам sim-карта, екі ноутбук, екі мобильді телефон, планшет табылған. Тәркіленген құрал-жабдыққа қатысты 48 абоненттік нөмірден азаматтарға қоңыраулар жасалғаны анықталған.
Қазіргі таңда күдіктінің басқа алаяқтық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқандығы хабарланды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті прокуратураның келісімімен қамауға алынған.