• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2015

Қостанайда бірқатар меморандумдарға қол қойылды

302 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 4 қаңтар. Қостанайға Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған, құрамында бірқатар министрліктер мен ұлттық компаниялар өкілдері бар делегация келді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұл сапар жаһанды бір тарының қауызына сыйдырып тұрған экономикалық-қаржы дағдарысының елге зардабы болмауы үшін алдын алу жұмыстарының бір мысалы еді. Дағдарыс жалпы еліміздегі экономикалық-әлеуметтік жағдайды тұралатып жібермегенімен, көрші Ресей рублінің құнсыздануы қостанайлық кәсіпорындар жұмысына бірден әсер етті. Мысалы, Үкімет делегациясы мен жергілікті кәсіпорын басшыларының кездесуі, меморандумға қол қою рәсімі өткен «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамының жұмысына дағдарыс қазірдің өзінде салқынын тигізіп отыр. Қазақстанда машина жасау саласының дамуына зор үлес қосып отырған «АгромашХолдинг» зауыты шетелдік жеңіл автомобильдер мен ауылшаруашылығы техникаларының түр-түрін өндіреді. Кеңесте осы компанияның басқарма төрағасы Алексей Сироденко айтқандай, «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы өткен жылы 8,5 мың машинаны сапқа қойған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық болатын. Кәсіпорын биыл да 20 мың машинаны шығаруды жоспарлаған еді. Алайда, «үйдегі ойды базардағы нарық бұзып», дағдарыс талма жерден тиіп отыр. Ресей рублі құнсызданған аз ғана уақыттан бері қазақстандықтар көрші елден 40 мыңнан аса магшина әкелді. Әрине, бұл отандық машина жасау кәсіпорнының жұмысына бірден кері әсерін тигізді. Бұл жағдай бүгінде тек «АгромашХолдингтің» ғана емес, өнім өндіретін кәсіпорындардың барлығының басында бар. – Әлемнің көп елін шарпып отырған дағдарысқа төтеп беру үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар талап қойып, тапсырмалар беріп отыр. Соның ең бастысы халыққа жұмыс беру, жұмыссыздар санын көбейтпеу, әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне жол бермеу болып табылады. Елімізде 8 мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп жатыр, солардың арқасында 400 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы тиіс. Мұның барлығы ішкі мүмкіндіктерімізді пайдаланғанда жүзеге асады, – деді Бердібек Сапарбаев. Даму болмаса дағдарыс меңдей береді. Бұл орайда Қостанай облысында көңілге қонымды жұмыстар бар. Өткен жылы шағын және орта бизнес бюджетке 22,8 миллиард теңге қаржы құйды. Соңғы жылдары өндірістің қадамы қарышты болды. Бір «СарыАрқаАвтоПром» зауытынің өзі жыл тәулігінде өндіріс көлемін 5 есе арттырды. «Евразкаспиансталь» зауытының шығарған металл арматуралары отандық құрылыстың дамуына мүмкіндік жасайды. Осындай мысалдар жеткілікті. Алайда, дағдарыс кезінде өндірген өнімің өтпесе, ол да кәсіпорындар қадамын тұсайды. Сондықтан Бердібек Мәшбекұлы Қазақстанның көрші облыстары арасындағы алыс-берісті кеңейту керектігін айтты. Әдетте, бір облыс екіншісінде қандай тауарлар өндіретініне аса мән бермейді. Бұл жөнінен Қостанай облысы мақтана алмайды, еліміздің облыстарына қарағанда іргедегі Ресейдің Челябі облысымен қарым-қатынасы көп. Бердібек Сапарбаев еңбекақы қарызын көпке ұзатпауды облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовқа жіті тапсырды. Облыста ол қазір 55 миллион теңгені құрап отыр. Кеңес соңында Қостанай облысының әкімдігі, кәсіподақтардың облыстық кеңесі және кәсіпорындар басшылары арасында жұмысшылардың еңбек құқығы мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде өзара түсінісушілік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовпен мемоарндумға қол қойғандар арасында «Қазақтелеком», «ССКБӨБ», «Орион Минералс», «Баян Сұлу», «Агромашхолдинг», «Қостанай минералдары», «Арай Холдинг», «Алюминстрой», «Қостанай ұн комбинаты» және өңіродегі ірі кәсіпорындар басшылар бар. Сондай-ақ, облыстың және республиканың жүйе құраушы кәсіпорындарының, ұлттық компаниялардың арасында қазақстандық қамтуды орындау және отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумдарға да қол қойылды. Алдағы уақытта осындай тағы да 30 меморандум бекітіледі, олардың сомасы 18 миллиард теңгені құрайды. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.