АТЫРАУ. 4 ақпан. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы институты жұмысын бастады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Университет ректоры, профессор Бейбіт Мамраевтың айтуынша, бұл саяси құрылымның басты мақсаты – облыстағы барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, еліміздегі тұрақтылықты сақтау мен тәуелсіз қарқынды дамуына айтулы үлес қосу. Студенттерге Қазақстандағы түрлі этностардың мәдениеті мен тілі, дәстүрі мен азаматтық бірегейлігі де кеңінен насихатталады.
Қазір Атырау облысында 17 этномәдени бірлестік құрылып, ұлтаралық татулықты нығайтуға өзіндік үлесін қосып келеді. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 16 ұлттың өкілі білім алады.
«Енді бұл саяси институт этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасайтын, этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді көздейтін, сонымен бірге, түрлі әлеуметтік зерттеулер жасайтын орталыққа айналады», деді университеті ректоры, профессор Бейбіт Мамраев.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек:egemen.kz.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.