Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының сағат 10:30 дағы мәліметі бойынша, ауруханаға келіп түскен барлық науқастар ҚР ДСМ диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем алып жатыр.
Тергеу органдары 2 науқастың жеке басын анықтау бойынша жұмыс жүргізді, олардың біреуі Әзербайжан азаматы екені анықталды. Сондай-ақ санитарлық авиация желісі бойынша Астана қаласынан Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының және жетекші республикалық орталықтардың жоғары білікті мамандары келді.
Жоғарыда аталған мамандардан басқа, Әзербайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен ТЖМ арнайы кеңесі, санавиация бригадасы келді.
Барлық зардап шеккен науқастарға тексеру жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ зардап шеккендермен және олардың туыстарымен психологтар тобы жұмыс істеп жатыр.
Бүгін таңертең Ақтау уақытымен сағат 08:30-да Ресей Федерациясының ТЖМ орталық аппаратының санитарлық авиация бортында Ресей Федерациясының азаматтары эвакуацияланды.
Қазіргі уақытта ауруханада 20 науқас дәрігерлердің бақылауында жатыр: 6 науқас - жансақтау бөлімінде: 5 науқас - облыстық ауруханада, 1 науқас - Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде. Маңғыстау облыстық ауруханасынан 2 пациент травматология бөлімшесіне ауыстырылды.