Сенаттың биылғы қорытынды отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын, сонымен қатар, мемлекеттілігімізді нығайту, қоғамның осал топтарын қорғау, ел экономикасын, оның қауіпсіздігі мен халықаралық беделін арттыру сияқты көптеген маңызды салалар қамтылғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Атап айтқанда, отандық ғылыми жүйені жетілдіруді, сондай-ақ, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті тиімді үйлестіруді көздейтін Ғылым және технологиялық саясат туралы заң қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыруға және осы саладағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға арналған Мемлекеттік сатып алу туралы арнайы заң бекітілді. Адам саудасына қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері мен тиімділігін арттыруға, адам саудасы құрбандарының мүдделерін қорғауға арналған заң да бар. Жылу энергетикасы саласындағы күрделі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді көздейтін дербес жаңа заң күшіне енді.
Сонымен қатар, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтетін нормалар қабылданды. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымының айқын көрсеткіші. Сондай-ақ, экономика, мемлекеттік басқару, халықты әлеуметтік қамсыздандыру және өзге де салаларға қатысты маңызды заңдармен жұмыс істедік.
Өткен айда еліміздің басты қаржылық құжаты – үш жылға арналған республикалық бюджетті бекіттік. Бүгінгі отырыста Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған көлемді түзетулер топтамасын қарадық. Бұл ретте депутаттардың заң шығаруға бастамашы болып, белсенділік танытқанын атап өткен жөн», деді Сенат төрағасы.
Палата Спикерінің айтуынша Заң шығару қызметімен қатар Сенаттың тұрақты комитеттері Палата жоспарына сәйкес бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырған.
«Азық-түлік қауіпсіздігі және Экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелерін талқыға салып, екі парламенттік тыңдау өткіздік. Сенатта Демографиялық өсу мәселесіне қатысты Үкімет сағаты және 150-ден астам дөңгелек үстелдер мен көшпелі отырыстар өтті. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданды. Солардың ішінде, халықты алаңдатқан өзекті мәселелер бойынша сауалдарға Үкімет мүшелерінің ауызша жауаптары тыңдалды.
Сенат жанындағы консультативтік-кеңесші органдар да бірқатар маңызды шаралар өткізді. «Бір ел – бір мүдде» және «Өңір» депутаттық топтары, Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі және Инклюзия жөніндегі кеңестер жалпы саны 13 отырыс ұйымдастырды. Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның бес отырысы нәтижелі өтті. Сенаттың халықаралық қызметі де мазмұнды шаралармен ерекшеленді», деді Мәулен Әшімбаев.