Биыл еліміздің көшбасшы жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына – 90 жыл. Осы кезеңде білім ордасы бірнеше даму сатысынан өтті. Алыс және жақын шетелдерге қуатты зияткерлік әлеуетімен, беделді ғылыми мектептерімен танылды.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келген арнайы сапарында білім ордасының әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар тапсырма берген еді. Көп ұзамай ҚазҰУ «зерттеу университеті» мәртебесіне ие болды. Бұл университеттің ғылыми әлеуетін көтеруге ықпал жасайтын жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
2019 жылы Мемлекет басшысы Бейжіңде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, ынтымақтастыққа қол жеткізген болатын. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ мемлекет басшыларының ғылым мен жоғары білім беруді дамыту бағытындағы ауқымды бастамасы болды. Нәтижесінде, Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне орнатылды. Құрылғының жоғары өнімділігі 2000 терафлопсты құрайды. Сондай-ақ әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді. Суперкомпьютер жасанды интеллект технологиясы, мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, Жерді қашықтықтан зондтау, 3D модельдеу салалары бойынша деректерді топтастырады. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, елдің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Университеттің есептеу техникасы саласындағы мүмкіндіктерін едәуір кеңейте отырып, ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дәлдігін арттырады. Құрылғы жасанды интеллект технологияларын, университет қызметінің негізгі бағыттары бойынша ғылымды қажетсінетін есептеулерді жасау, IoT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін пайдаланылады.
Сонымен қатар Өндірістік роботтехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығы жаңадан жасақталды. ҚазҰУ – KUKA неміс компаниясымен бірлесіп Дүниежүзілік банктің өнеркәсіптік роботтехника бойынша елімізде алғаш компетенция орталығын құру жөніндегі жобасын іске асыруда. Орталық «Өнеркәсіп – 4.0» жүйесінде жұмыс істейтін кәсіби кадрларды даярлап, өндірісті автоматтандыру, цифрландыру мақсатын айқындайды.
Германиядан жеткізілген құрылғы стартаптарға технологиялық операцияларды роботтандыру тұжырымдамаларын зерттеуге, көрсетуге және сынауға арналған бірегей алаң ұсынады. Шын мәнінде бұл білімді, дағдыларды, мүмкіндіктерді тарату және әзірленген шешімдерді Қазақстанда да, шетелде де өнеркәсіптік компанияларға одан әрі енгізу үшін негізгі платформа болып саналады. Өнеркәсіптік роботтехника саласындағы инжинирингтік компетенция орталығы ғылым, білім және отандық өнеркәсіпті біріктіре отырып, Қазақстан өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлау орнына айналады.
Биыл бұған қосымша «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді. Бес мың шаршы метрді құрайтын хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады. Мұнда телекоммуникациялар мен ақпараттық технологияларды өндіруде әлемде мойындалған ZTE, Binlin Electronic Technology, BASF корпорациясы және басқа да шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми зерттеу институттары орналасқан.
Президент тапсырмасына сәйкес, «Жасанды интеллект саласында маман тапшылығын жою» жұмыстары қолға алынды. Биыл ақпараттық технологиялар факультетінде Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы құрылды. Жаңа оқу жылында алғашқы докторанттар қабылданды. Олар жасанды интеллект көмегімен қауіп-қатерді анықтау, шабуылдарды болжау және зиянды бағдарламалардан қорғау курстарын оқиды. Сондай-ақ шифрларды бұзу және деректерді қорғау үшін жасанды интеллект алгоритмдерін қолдану дағдылары үйретіледі. Ірі IT-компаниялармен және мемлекеттік ұйымдармен тәжірибе алмасып, заманауи құралдармен жұмыс істеуге дайындайды. MIT, «Stanford» немесе «Carnegie Mellon» сияқты университеттердің білім беру бағдарламаларына бейімдейді.
Әлем елдерінде медицина саласын цифрландыру жүйесіне көшіру және жасанды интеллектіні медицинада қолдану қарқынды дамып келеді. Сол себепті «Медицинадағы жасанды интеллект» білім бағдарламасы бойынша ақпараттық технологиялар факультеті мен медицина және денсаулық сақтау факультеті бірлесе мамандар даярлайды. Бұл өз кезегінде клиникалық медицинада «Big Data» және жасанды интеллект зертханаларын құруға мүмкіндік береді. Клиникалық жазбаларды, суреттерді, зертханалық нәтижелерді, геномдық деректерді және басқа да маңызды ақпаратты қамтитын медициналық деректерді жинау, сақтау және талдау жүйесін қалыптастырады.
Халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту мақсатында университет биыл АҚШ-тың «Penn State» университетімен ІТ бағытында бірлескен ғылыми орталық құру туралы келісімге қол қойды. Францияның экология және қоршаған орта институтымен «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық» зертханасын бірлесіп ашты. «ZooStan» орталығының негізгі мақсаты – соңғы миллион жыл ішінде адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас динамикасының призмасы арқылы өткен тарихты зерттеу.
Көшбасшы университет Гонконг политехникалық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, Орталық Азиядағы Тұрақты даму орталығы жұмыс істей бастады. Орталық Азиядағы және «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысушы мемлекеттерде әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатын көздейді. Осы жылдың тамыз айында Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуі және «Орталық Азия + Жапония» диалогінің бірінші саммиті аясында ҚазҰУ базасында Жапонияның Цукуба университетімен бірлескен Сейсмикалық орталық құру жөнінде келісім жасалды.
Мемлекет басшысы биылғы ресми сапарында «Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет» деп атап өтті. Осыған орай «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында университет Қытай жоғары оқу орындарымен қарым-қатынасты тереңдеп келеді.
Қазіргі таңда ҚазҰУ мен Қытайдың 65 жоғары оқу орны тығыз байланыс орнатты. Олардың арасында Пекин университеті, Бейжің шет тілдер университеті, Шанхай шет тілдер университеті бар. Сондай-ақ Қытай ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институты, Сиань Цзяотун университеті және Солтүстік-батыс политехникалық университетімен ынтымақтастық жоғары деңгейде. 2023/24 оқу жылында Қытайдың жоғары оқу орындарына 100-ге жуық оқытушы-докторант, магистрант жіберілді. Ал ҚазҰУ-да Қытайдан келген 869 студент білім алады.
Өткен жылы екі ел президенттерінің қолдауымен ҚазҰУ-да Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен 2025 жылы ғарышқа микроспутник ұшыру жоспарланып отыр. ҚазҰУ ғалымдары ғарышты қашықтан бақылап, алынған деректер бойынша талдау жұмыстарын жүргізетін болады.
Мемлекет басшысы «климаттың өзгеруіне қарсы күрес және жасыл экономиканы дамыту секторларында күш біріктірудің мәні зор» екенін үнемі еске салып келеді. Қазақстан көмірге бай кен орындарына ие және әлемде көмір қоры бойынша 10-орында тұр. Қазақстанда көмір бастапқы энергияны тұтынудың 53,7 пайызын құрайды. Ал бұл көрсеткіш таяудағы бірнеше жылда тез өседі деп күтілуде. Алайда көмірдің 62-65 пайызының сапасы төмен. Қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту үшін жаңа технологияларды енгізу өте маңызды. Осы тұрғыда университеттің жас ғалымдары мемлекет қолдауын пайдалана отырып, мемлекеттік және халықаралық жобаларды орындап жатыр. Соның бірі – көмір шахталарындағы жарылыстың алдын алуға болатын биотехнология әдістері арқылы метан газын бөліп алу.
География және табиғатты пайдалану факультетінде «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылды. Жаңа орталық құрамына Орнықты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана кіреді. Атап айтқанда: климат және модельдеу, цифрлық картография және қолданбалы геодезия, «GlobalSky» – атмосфералық зерттеулердің инновациялық зертханасы, су ресурстарының сапасын сараптау, топырақ экологиясын және ландшафттардың деградациясын геоақпараттық талдау, геодемографиялық және әлеуметтік-экономикалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұған қосымша, «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы іске қосылды. Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруінен болатын су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы, аймақтағы су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізеді. Орталық ғалымдары өткен жылғы көктемгі су тасқыны кезінде штаб құрамында Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс істеп, ұсыныстар әзірледі.
Химия және химиялық технология факультетінде «Chemical Coating innovations» ғылыми-өндірістік орталығы ашылды. Мұнда машина жасау өндірісі үшін гальваникалық қаптамалар шығарады. Бұдан бөлек, факультет ғалымдары заманауи «Farabi Chem Science» тоғыз ғылыми зертхана кластерін ашты. Кластердің мақсаты – металл және ағаш конструкцияларға арналған отқа төзімді жабындарды жасау, қоршаған ортаны ластаушы заттарды анықтап, химиялық тоқ көздеріне арналған жаңа материалдарды әзірлеу. Сондай-ақ отандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістерін әзірлейді.
ҚазҰУ базасындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығында тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалады. Сондай-ақ қант диабетін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі. Бүгінде орталық соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған.
Биылғы қараша айының басында ҚазҰУ-да жоғары білім беру мәселелеріне арналған «QS Higher Education»: «Asia Pacific» 2024 пре-саммиті өтті. Халықаралық шара QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жиынға 150 мемлекеттен, атап айтқанда, Қытай, Жапония, Индонезия, Үндістан, Малайзия т.б. елдерден келген 350-ге жуық ЖОО ректорлары, халықаралық сарапшылар және отандық жоғары білім басшылары қатысты.
Университеттің 90 жылдығы аясында атқарылған ауқымды іс-шараның бірі – І халықаралық Түркі дүниесі жастарының форумы. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырған халықаралық шараға АҚШ, Германия, Швейцария, Нидерланд, Түркия, Румыния, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Әзербайжан – барлығы 25 мемлекеттен 200-ге жуық жастар жиналды. Жастар форумы түбі бір түркі әлеміндегі интеллектуал жастардың басын қосуға үлкен мүмкіндік берді. Мұндағы мақсат – түркітілдес халықтар арасындағы бауырластық, достық қарым-қатынасты арттырып, мәдени, тарихи, ғылыми ынтымақтастықты дамыту.
2022 жылы Қазақстан Президентінің қолдауымен ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңін бастау туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда жетіқабатты үш оқу корпусы мен 2200 орынға арналған үш жаңа жатақхананың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, болашақта 12 мың орынға арналған жатақхана, тоғыз оқу корпусы және профессорлық-оқытушылық құрамға арналған 1080 пәтерлік 10 тұрғын үй салу көзделген.
Сондай-ақ технопарк, заманауи университет клиникасы, әкімшілік ғимараттар салу жоспарланды. Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы мен спорт-сауықтыру кешені қайта жаңғыртылды. Жоғары сападағы, заманауи үлгідегі ҚазҰУ стадионы УЕФА мен ФИФА ұйымдарының талаптарына сай күрделі жөндеуден өтті. Футбол алаңының жасанды жабындысы мен дренаж жүйесі әлемдегі Топ-3, Орталық Азиядағы Топ-1 талабына сәйкес келеді.
Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары аясында Ыстанбұлда ҚазҰУ филиалының ашылу рәсімі өтті. Осы жылдың 26 мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке сапары барысында ҚазҰУ филиалының тұсауын кесті. Қазір мұнда бакалавриат пен магистратураның 13 білім беру бағдарламасы бойынша студенттер білім алады. Сонымен қатар ҚазҰУ базасында инженерлік білім берудің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін MИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің (Мәскеу инженерлік-физикалық институты) филиалы жұмыс істейді.
Жақында ҚазҰУ филиалы екі ел президенттерінің қатысуымен Ресейдің Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті базасында ашылды. ҚазҰУ-дың Омбыдағы филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар мен магистрларды даярлайды. Болашақта қосдипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Сондай-ақ Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің ҚазҰУ-да іске қосылған филиалында техникалық мамандар даярланады. ҚазҰУ мен Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университеті меморандум шеңберінде 2025 жылы ғарышқа микроспутник ұшырып, ғарышты бақылап, алынған деректер бойынша талдау жұмыстарын жүргізеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бүгінде қанатын кеңге жайған әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті. Халықаралық ғылыми қоғамдастыққа одан әрі интеграциялау, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды интернационалдандыру – білім ордасын дамытудың басым бағыттарының бірі. Университеттің ғылыми базасын дамыту мақсатында шетелден көптеген ғалым тартылуда. Оқу ордасы ғалымдар және студенттер алмасу, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру, бірлескен ғылыми және білім беру қызметін орындау мақсатында жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
ҚазҰУ халықаралық «QS WUR» рейтингінде 163-орынға көтерілді. Посткеңестік елдерден бұл топқа тек екі университет – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кіреді. Биыл университет «Times Higher Education University Impact Rankings» – 2024 халықаралық рейтингінде Топ 401-600 орынға, «QS Asia University Rankings» халықаралық рейтингінде 29-орынға ие болды. Бұл рейтингте ҚазҰУ Бейжің университеті, Сингапур ұлттық университеті, Корея университеті сияқты әлемдік университеттермен қатар, Топ-30-ға енді. ҚазҰУ мен Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы жоғары оқу орындары мен ұйымдары, соның ішінде әлемнің жетекші университеттері мен орталықтары арасында сәтті жүзеге асырылып жатқан 700-ден астам келісім бар.
Білім ордасында 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады. ҚазҰУ базасында «Геоэнергетика» Қазақстан-Франция ғылыми-білім беру орталығы құрылды. Бұл орталықта қос диплом береді.
ҚазҰУ ғалымдары әлемнің үздік ғылыми орталықтары мен университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасына белсенді қатысады. 2021-2024 жылдар ішінде университеттің 70 ғалымы мен қызметкері АҚШ, Еуропа, Азия елдерінің беделді университеттер ордасында тағылымдамадан өтіп, басым бағыттар бойынша әлеуетін арттырды.
Соңғы жылдардағы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы кеңесінің хатшылығы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім, I халықаралық Фараби форумының ашылуы, Еуропалық Парламент делегациясының ҚазҰУ-ға арнайы сапары, Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңеспен (ACCELS) ынтымақтастық туралы келісім сияқты маңызды шаралар ҚазҰУ-дың халықаралық беделін жаңа сатыға көтерді.
Университеттің ғылым сапасын арттыру, білім алушыларды ынталандыру, жас ғалымдардың ізденістерін қолдау, ҚазҰУ қалашығын жандандыру жұмыстары жүйелі жалғасатын болады. Тоқсан жылдық мерейлі белеске көтерілген Фараби университеті мемлекет қолдауымен, білікті ғалымдарымыз бен оқытушы-профессорларымыздың еңбегі арқылы алдағы кезеңде де межелі биіктерді бағындыра бермек.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор