• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

Халықтың әл-ауқатын арттыру – әрқашан назарда

99 рет
көрсетілді

2024 жыл еліміз үшін өзгеріске толы, мазмұнды кезеңге айналды. Халықаралық және жалпыұлттық сипаттағы көптеген маңызды саяси оқиға болды. Біз әлемдік диалогтің геосаяси орталығына айналып, өзімізді жаһандық саяси үдерістердің маңызды қатысушысы ретінде көрсете алдық.

Еліміз бірнеше беделді халықаралық ұйымға лайық­ты деңгейде төрағалық етті. Нәти­жесінде, халықаралық сарапшылар Қазақстанға «өңірде адалдық пен келіссөз жүргізуші» деген баға берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми іссапарлары да үлкен рөл атқарғанын айта кету керек. Мұндай іс-шаралар мен ісса­пар­лар ел мүддесіне қызмет етіп, мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқаты артуы­­на зор септігін тигізері анық.

Осы жылы елдің саяси жүйе­сінің жалпы сипатын өз­герту жалғасын тапты. Прези­денттің «барлық маңызды сая­си шешімдер тек халықпен бірлесіп қабылданады» деген ұстанымы тағы бір мәрте іс жүзіне асты. Мұны жаңа саяси мәдениет қалыптастыру жолында жасалған елеулі қадам дер едім.

Референдум нәтижесі мен елдің энергетикалық тәуел­сіздігі жолындағы халық­тың тарихи шешімі – ұлты­мыздың ұйысуы мен қоғам белсенділігінің жар­қын үлгісі болды. Сон­дай-ақ биыл Мем­лекет басшы­­сы­ның қа­тысуы­мен алғаш рет мәсли­хат­тардың респуб­лика­лық форумы өтті. Жиын маңызды мем­лекеттік шешім­дер қабыл­дауға бүкіл Қазақстан қоғамын жұмылдырудың тағы бір тиімді тетігіне айналды.

Ауқымды іс-шара саяси партиялардан, бір мандатты округтерден сайланған мәслихат депутаттарын, сондай-ақ Үкімет мүшелерін алғаш рет бір алаңда тоғыстырды. Оны орталықтан өңірлерге дейінгі биліктің барлық тармағы арасындағы жалпыхалықтық диалогтің жаңа форматы деп атауға болады.

2024 жыл Парламент Мәжі­лісі үшін де нәтижелі болды. Жыл басынан бері біз Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасын­да, Ұлттық құрылтайда беріл­ген тапсырмаларын орындау үшін бірқатар маңызды заң қабылдадық. Әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған конституциялық нормалар биыл толық іске асырыла бас­тады. Қабылдаған заңдардың нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен қол­ды болған капиталды қай­тару туралы заң – осыған айқын дәлел.

Жыл басынан бері бала­лардың жинақтаушы шот­тарына алғашқы кіріс түсіп, заңсыз шығарылған активтерге елде әлеуметтік нысандар салына бастады. Соны­мен қатар Президенттің «Келе­шек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы бастамасы да – азаматтарымыз үшін үлкен көмек. Сондай-ақ жастардың шетелде білім алуына қолжетімділігін кеңейтетін нормалар бекітілді. Енді халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік алады.

Біз қоғамның дертіне айнал­ған түйткілді мәселелерді шешу үшін бірқатар заң қабылдадық. Қазіргі таңда ойын бизнесі туралы заңның, сол сияқты вейпке тыйым салу туралы норманың іске асырылуы­на куә болып жатырмыз. Бұған қоса есірткіге қатысты қыл­мыс­тар үшін жазалаудың сара­ланған тәсілі жөніндегі Прези­денттің тікелей тапсырмасын заңнамалық деңгейде орындадық. Заң арқылы есірткі өндіру мен тарату арасындағы жауапкершіліктің аражігін ажыраттық. Есірткі өндіруді ең ауыр қылмыстарға теңестіріп, ол үшін жауапкершілікті мей­лінше күшейттік. Осы­лайша, есірткі тұтыну сияқты белең алған дертке депутаттар тарапынан тағы бір тосқауыл қойылды.

Халықаралық қоғамдастық отбасындағы және тұрмыс­тағы зорлық-зомбылық туралы заңға жоғары баға берді. Бұл заңды Біріккен Ұлттар Ұйымы «гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолында жасалған қадам» деп атап, Астанаға алғысын білдірді.

Кредит берудегі қауіп-қатерді барынша азайту туралы заңды бөлек атап өткім келеді. Ол қоғамда белең алған шамадан тыс несие алуды азайтуға зор септігін тигізеді. Қазірдің өзінде сарапшылар елімізде проблемалық кредиттер біршама азайғанын айтып жа­тыр. Бұл – Мәжілістегі бар­лық фра­кция мен бір мандатты окру­гтен сайланған депу­тат­­­тар­дың ортақ еңбегінің нәтижесі.

Сессия барысында жаңа экономикалық саясаттың заңнамалық негізін қалау жұ­мысын жалғастырдық. Жаңа Бюджет кодексін қабылдадық. Сол арқылы бюджет қара­жатына деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп жатырмыз. Бюджет заңнамасының негізгі қағидаты – қаражатты ұтымды, үнемді игеру және нақты қажеттілікке бағыт­тау. Депутаттардың ұсынысы бойынша мемлекеттік сек­тор қаражаты енді толығы­мен Парламент бақылауында болады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің таза кіріс сомасының кемінде 70 пайызы бюджетке дивиденд төлеуге бағытталады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры­на тиесілі компаниялар ди­видендінің кемінде 50 па­йызы бюджетке түседі. Бюд­жет кодексі арқылы біз аймақ­тарға көбірек дербестік беріп отырмыз. Бірқатар түсім­дерді республикалық деңгей­ден жергілікті деңгейге беру жөніндегі шаралар да көзделген.

Оған қоса аудан әкімдерінің өкілеттігін кеңейту үшін ша­ғын және орта бизнестен алынатын корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы облыстық деңгейден аудандық деңгейге беріледі. Мұның бәрі келешекте жергілікті жерлерде ресурстарды тиімді игеруге ықпал етеді.

Жалпы, сессия басталғалы палатаның қарауында 106 заң жобасы болды. Оның ішінде, 37 заңды қабылдадық. 19-ына Президент қол қойды. Депу­таттар тарапынан биыл елеулі жұмыс атқарылды. Келер жылы да осы қарқынды сақ­тауы­­­мыз қажет. Ең бастысы, халқы­мыз­дың әл-ауқатын арттыру және Мемлекет басшысының тапсыр­маларының орындалуы әрдайым басты назарда болуға тиіс.

Жуырда біз өңірлерге іссапарға шығамыз. Басты мақсат – жергілікті жер­лердегі сай­лаушыларға қабыл­данған заңдардың мән-ма­ңызын, істеліп жатқан жұмыс­тардың жай-жапсарын жеткізу. Соны­мен қатар олардың өңір­лерде қалай жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізіп қайтуымыз керек. Алыс ауыл­дарға, еңбек ұжымдарына барып, елді толғандырып жүр­ген проблемаларды біліп, әдеттегідей оларды Үкімет назарына жеткізуге тиіспіз.

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Мәжіліс төрағасы