Көлік-логистика саласы бойынша 2024 жылы Қазақстан ірі жетістіктерге жетті, деп жазады Egemen.kz.
Рекорд. Негізгі 4 автожол дәлізі және басқа жолдар
Негізгі 4 автожол дәлізі, атап айтқанда, Қарағанды – Алматы (879 км), Талдықорған – Өскемен (768 км), Ақтөбе – Қандыағаш (96 км), Атырау – Астрахань (212 км) жөнделді.
2024 жылы 12 мың шақырым жолға құрылыс пен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. 8 мың шақырым республикалық жолдарға тиесілі болса, қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдарға тиесілі.
Келесі жылдан бастап төрт жолақты «Қарағанды-Жезқазған» және «Сарыағаш қаласының айналма жолы» жобаларын бастау көзделген. Биыл «Қызылорда- Жезқазған», «Ақтөбе-Ұлғайсын» автожолын (бұларда 4 жолақты) қайта жаңарту жұмыстары басталды.
Темір жолдарды жөндеу
Биыл тасымалдау сапасын арттыру мақсатында 1400 шақырымға жуық темір жол жөндеуден өтті. Еліміздің барлық өңірлерін қамтитын жұмыстардың басым бөлігі жасалған учаскелер: Ақтоғай-Семей-Алтай (153 ш/қ); Шу-Қандыағаш (266 ш/қ); Қандыағаш-Ақсарай (138 ш/қ); Астана-Алматы (260 ш/қ); Алматы-Павлодар (106 ш/қ); Жаңа-Есіл-Көкшетау 161 шақырым және т.б. Жалпы, темір жолдардың 569 шақырымы күрделі жөндеумен, 181 шақырымы кешенді жөндеумен және 602 шақырым жоспарлы – алдын ала жөндеумен қамтылған. Сонымен қатар 185 локомотив, 1,6 мыңнан аса жүк және 143 жолаушылар вагоны сатып алынды.
«KAZTRAFFIC-2024» көрмесі
Астанада қарашада «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның 65 жылдығына арналған ХХ халықаралық «KAZTRAFFIC-2024» көрмесі өтіп, оған 20 елдің 110-нан астам жол саласы кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Шара шеңберінде заманауи жол-құрылыс техникасы мен жол құрылысына арналған жаңа материалдар ұсынылды.
Көрме шеңберінде Орталық Азия өңірінің жол инфрақұрылымын дамыту перспективалары талқыланған конференция және жол қозғалысының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру мақсатында озық технологияларды пайдалануға арналған халықаралық семинар өтті.
Аталған көрме – тәжірибе алмасумен қатар инновациялық шешімдерді көрсету үшін, сондай-ақ жол саласын одан әрі дамыту стратегияларын әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды.
TransLogistica Kazakhstan – 2024 көрмесі: Трансформация дәуірі
Биыл қазанның 9-11 күндері Астана «Expo» ХҚО аумағында өткен «TransLogistica Kazakhstan-2024» көрмесінде 105 отандық компания өз жетістіктерін көрсетті. Бұл ретте 108 халықаралық компания Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін растады.
Үш күнге жалғасқан көрмеге 49 елден 4 021 бірегей келуші келді. Қонақтар арасында мемлекеттік және жеке компаниялардың, халықаралық іскерлік қауымдастықтардың, сондай-ақ елдердің делегацияларын қоса алғанда, елшіліктер мен сауда миссияларының өкілдері болды.
Көрменің маңызды бөлігі 22 сессиядан тұратын іскерлік бағдарлама болды, оның шеңберінде 102 спикер көлік-логистика саласының алдында тұрған негізгі мәселелер мен сын-қатерлерді талқылады.
Алғаш рет «Қазақстанда теміржол көлігі мен инфрақұрылымды дамыту» және «BreakBulk Kazakhstan ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау» тақырыптарында конференциялар өтті.
Көрме барысында экономикалық және логистикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған «Қазақстан-Нидерланды» Іскерлік кеңесі және OkLog жүйесінің таныстырылымы және «Көліктегі және логистикадағы IT-шешімдер» конференциясы өтіп, онда сарапшылар логистикалық операциялардың тиімділігін арттыруға және процестерді оңтайландыруға бағытталған инновациялық цифрлық технологияларды қарастырды.
2025 жылы TransLogistica Kazakhstan көрмесі 1-3 қазанда Алматыда өтеді.
5 трансшекаралық хабтарды жаңғырту
Ақтау портында контейнерлік хаб салу бойынша жобаны іске асыру басталды, аяқталуы – 2025 жылдың соңына жоспарланған, бұл – жылына 250 мың ЖФБ-ға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Ал, Құрық портына биыл қуаты жылына 1 млн тонна болатын жаңа астық терминалы іске қосылды.
Қорғас торабы бойынша «SKYHANSA» ЖШС Қазақстан-Германия бірлескен кәсіпорны жүк-жолаушылар әуежайының жобасын іске асыру бойынша жұмыс бастады. «Қорғас» АЭА аумағында жүк терминалын, кедендік бақылау аймағын, жанармай қоймасын, әуе кемелеріне қызмет көрсетуге арналған авиациялық-техникалық орталықты және жүк әуекомпаниясын қамтитын авиация хабын құру жоспарланып отыр. Өткізу мүмкіндігін арттыру үшін Алтынкөл стансасын жаңғырту жоспарланған.
Осындай жұмысты Қырғызстанмен шекарада орналасқан Индустриялық сауда-логистикалық кешенде де жүргізу көзделген. Ал «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы мен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында «Подстепное – Федоровка» (144 км) автомобиль жолын жөндеу және «Дарбаз – Мақтаарал» (152 км) теміржол желісінің құрылысын жүргізу күтіліп отыр.
Аталған хабтардың іске қосылуы – жаңа жұмыс орындарын құруға, жүктердің өту уақытын қысқартуға, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Биыл жүк тасымалы 4 млн тоннадан асты
2024 жылдың 11 айында жүк тасымалының көлемі 63%-ға артып, 4,1 млн тоннаға жеткен. Биыл инфрақұрылымды дамытуға және бағыттың функционалын кеңейтуге бағытталған Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру орталығы іске қосылды. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу мерзімін 15 күнге дейін қысқартады. Жобаға Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қытай сияқты негізгі елдер мен компаниялар белсенді қатысып жатыр.
2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы теңіз көлігі арқылы тасымалдау көлемі 3%-ға, оның ішінде транзиттік жүктерді тасымалдау 18%-ға өскен.
Құрық паром кешені арқылы жүк автокөлік құралдарын өңдеуде 22%-ға өсу байқалған. Ақтау порты арқылы өткен 27 мыңға жуық контейнерді қоса алғанда «Шығыс-Батыс» транзиттік қатынасындағы контейнер тасымалының көлемі 84%-ға ұлғайған. Сондай-ақ, биыл Құрық портының «Саржа» терминалы аталған кезеңде Түркия мен Иран бағытында шамамен 55 мың тоннаға жуық жүк (түсті металдар, аммофос, арпа) өңдеді. Сонымен қатар, Құрық портының «Ерсай» теңіз терминалынан 2024 жылы Қазақстан арқылы Әзірбайжаннан Өзбекстанға транзитпен 153 габаритті емес жүк тасымалданған.
Айта кетсек, биыл қазан айында Құрық портында жылына қуаты 1 млн тоннаны құрайтын тағы бір астық терминалы қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Құрық портының базасында толыққанды логистикалық кластер құру жұмысы белсенді жүріп жатыр.
Басқа да жетістіктер
Соңғы 2 жылда қоғамдық көлік паркінің 3 267 автобусқа жаңартылуы –аталған техниканың тозуын 40% -дан 30% -ға дейін азайтты. Сондай-ақ «Көлік және қоймалау» саласы бойынша 2024 жылғы қаңтар-қазанның қорытындысы бойынша 883,4 млн тонна жүк тасымалданған, бұл – былтырғы көрсеткіштен 8,9% -ға артық. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы Қазақстанда ең ұзын көпір ашылды.