• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Желтоқсан, 2024

Мәдениет қызметкерлеріне арналған оңалту орталығы

23 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ас­тана Опера» театр саласында жаңа стандарттарды енгізуді жемісті жалғастырып келеді. Соның бір айғағы – кеше елімізде алғаш рет театр жанынан ма­ман­дандырылған оңалту орта­лығы ашылды.

Бұл көптен күткен оқиға «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асты. Орталықтың қызыл лентасын «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Әдиева қиды.

Аталған орталықты ашу жайы өнер иелері арасында көптен бері мәселе етіп көтеріліп жүрген түйткілдің бірі болатын. Соның іс жүзінде шешілгеніне олар шын қуанышты. Енді театр әртістері мен техникалық ұжым физикалық жүктемелер мен жарақаттан кейін қалыпқа келу үшін мамандандырылған оңалту кабинетінің көмегіне жүгіне алады. Себебі театр өнері жан-тәніңмен берілуді талап етеді. Әрбір спектакль – айлар бойғы дайындық, күш-жігер мен көбінесе кәсіби жарақаттарға алып келетін физикалық жүктеме. Осы уақытқа дейін отандық әртістер өз күшіне ғана сенетін, болмаса оқыс жағдайда жалпы бейіндік емханаларға жүгінетін. Енді оңалту кабинетінің арқасында кәсіби көмек қолжетімді бола түсті. Кабинеттің іші бұлшық етті қалпына келтіруге, ауырсынуды басуға әрі түрлі емшараларды жүргізуге арналған заманауи құралдармен жабдықталған. Дәл осы жерде әртістердің қалыпты жұмысына тезірек оралуына қалай көмектесуді білетін реабилитолог ма­манның да кеңесін алуға болады.

«Біз үшін қызметкерлердің ден­саулығы бірінші кезекте, себебі олар театрды жанды, өміршең, жігерлі етеді, деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров. – Осынау жобаның маңыздылығын түсініп, қолдау көрсеткені үшін «Самұрық-Қазына» қорына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – театрымыз үшін ғана емес, еліміздің тұтас театр саласы үшін жасаған елеулі қадамы, – деді театр басшысы.

Оңалту кабинетінің ашылуы – театр өміріндегі жаңа кезеңнің белгісі. Өзінің ауқымды қойылымдары һәм труппаның жоғары кәсібилігімен та­нымал «Астана Опера» тағы да ин­новациялық ізденістің үлгісіне айналды. Енді театр әртістері ден­сау­лықтарының сенімді қолда екенін біл­гендіктен, бар зейіндерін басты құн­ды­лық – шығармашылыққа аудара алады.