ӨСКЕМЕН. 4 ақпан. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жетекшісі Ғалымбек Досанов Шығыс өңіріндегі баспасөз өкілдерімен кездесті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес Стратегиясы» тақырыбында өткен ашық диалогқа облыстық, қалалық және аудандық БАҚ басшылары қатысты.
Ғ.Досанов департаменттің аталған Стратегияның жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Жуықта құрылған департаментіміздің ұстанымы – халыққа қызмет ету. Бірінші кезекте, түсіндіру жұмыстары балабақшалардан басталуы тиіс. Қоғамдық пікірдің негізгі бөлігі жемқорлыққа қарсы бағытталуы қажет», – деді Ғ.Досанов.
Департамент басшысы жемқорлықпен күресуде өзге мекемелердің бірігуі де үлкен маңызға ие екенін жеткізді.
«Жемқорлық – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі келтіреді және инвестициялық тартымдылығына нұқсан келтіреді. Оған тойтарыс беру үшін негізгі үкіметтік мекемелер өз күштерін біріктіруі қажет. Осыған орай, департамент пен БАҚ-тың негізгі міндеті – халыққа ақпаратты шынайы жеткізу болмақ. Сондықтан, баршаңызды сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларында әріптес болуға шақырамын», – деді ол.
Думан Анаш.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығы.