Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатына орай Facebook әлеуметтік желісінде пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аna tili» газетіне берген сұхбаты жарияланды. Мемлекет басшысы өз сөзінде ел дамуының негізі ретінде «Заң мен тәртіп» қағидатын атап өтіп, әділдік пен бірлікті сақтау қажеттігіне ерекше тоқталды. Президент заң үстемдігін демократияның ең жоғары шыңы деп санайтынын нақтылап, есірткі қылмысы, ойынқұмарлық, бұзақылық және вандализмге қатысты жазаның қатаңдатылуы қоғамдағы тәртіп пен әділеттілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау үшін 2025 жылдан бастап үш дербес кассациялық сот құрылатынын жеткізді», деп жазды Н. Байтілесов.
Сондай-ақ Президент «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу арқылы халыққа білім алу және тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударды. Ол азаматтардың артық несиеленуін азайтуға бағытталған заңның да маңыздылығын атап өтіп, бұл бастама қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын нақты айтты. Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы мен әлеуметтік кепілдіктерінің күшейтілгенін де тілге тиек етті. Сонымен қатар заңдардың тиімділігі олардың іс жүзінде қаншалықты дұрыс орындалуына байланысты екенін баса айтып, құқықтық жүйені жетілдіру жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді.
«Мемлекет басшысының бастамалары елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және әділетті қоғам құруға бағытталған. Президенттің сындарлы ұстанымдары мен реформаларын қолдау арқылы біз Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына сенімді қадам жасаймыз», деп жазды депутат.