Президент жаңа жылдағы алғашқы сұхбатын ұлт басылымы «Ana tili» газетіне берді. Кезінде «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған бұл газеттің орны ерекше. Бұл – Мемлекет басшысының ана тілімізге деген құрметі, тіл жанашырларына деген ілтипаты.
Сұхбаттан ішкі және сыртқы саясат, экономика, әлеумет, қоғамның дамуы, мемлекет пен заңның нығаюы, әділдіктің орнығуы сияқты мәселелерге қатысты анық ой, айқын ұстаным аңғардық. Көңілді күпті еткен кейбір маңызды сұрақтарға да жауап алдық.
«Ana tili» газетіне берілген сұхбатта қазақ тілінің жайы, соның ішінде біздің бастамамызбен құрылған «Қазақ тілі» эндаумент қоры туралы бөлек айтылды. Бұл қор қазақ тілін қолдау, оның қолданыс аясын кеңейту, тілді оқыту әдістемесін дамыту, қазақ тіліндегі мазмұнды көбейту үшін жұмыс істейді.
Қор құрылғанда оған бірінші болып үлес қосқан Қасым-Жомарт Тоқаев болатын. Президент жеке қаражатынан 7 млн теңге бөліп, көпке үлгі көрсетті. Мемлекет басшысының осы қадамына ерген еліміздің кәсіпкерлері қорға 500 млн-ға тарта қаражат салды. Қазір қорда жиналған қаражаттың нақты көлемі – 493 669 299 теңге.
Эндаумент қорына келген қаражаттың өзі жұмсалмайды, тек сол қаражатты басқарудан түскен үстеме табыс жұмсалады. 2024 жылы «Қазақ тілі» эндаумент қорының үстеме табысы 75 473 020 теңгені құрады.
Бұл «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандыруға мүмкіндік берді. Бір жылдың ішінде 40-қа тарта аймақтық, республикалық және халықаралық іс-шара өткіздік. Толық ақпарат «Қазақ тілі» қоғамының til.kz сайтында орналасқан.
Сұхбатында Президент «Қазақ тілі» эндаумент қорын қолдау қажеттігін бөлек айтты. Біз үшін бұл – зор демеу, қазақ тілін кеңінен қолдауға жол ашатын үлкен мүмкіндік, аса зор жауапкершілік жүктейтін сенім. Осындай қолдауы мен сенімі үшін Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Мемлекеттік тілді тиісті биік тұғырына шығару жолындағы жұмысымызды үдетеміз.
Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті