Сириядағы Дамаск әуежайы 7 қаңтардан бастап халықаралық рейстерді қалпына келтіреді. Бұл туралы сенбіде Сирияның азаматтық авиация және әуе көлігі басқармасының басшысы Ашхад ас-Слейби мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі, деп жазады Egemen.kz.
Шенеуніктің Сирия мемлекеттік САНА ақпарат агенттігіне берген түсініктемесіне сәйкес билік қазір Дамаск пен солтүстік Алеппо қаласындағы әуежайларды халықаралық рейстерді орындау үшін жан-жақты дайындаумен айналысып жатыр.
Әуе айлақтарының жұмысы 2024 жылы желтоқсанда Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад үкіметі құлағаннан кейін тоқтатылды.
2 қаңтарда Qatar Airways ұлттық әуе компаниясы 2025 жылдың 7 қаңтарынан бастап Дамаскіге рейстерді қалпына келтіретінін хабарлады.
Еске салсақ, Сирия оппозициясы Дамаскінің Асад режимінен азат етілгенін жариялады. Бұл туралы Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығы хабарлады.
Кейіннен Башар Асад президенттік қызметтен бас тартып, елден кету туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.