Мемлекет басшысы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магистранттарына және докторанттарына арналған 2656 орындық жаңа жатақхананы аралап көрді, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған Студенттер үйі үш заманауи блоктан тұрады. Олардың әрқайсысы студенттердің жайлы тұрмысы мен білім алуына мүмкіндік беретін коворкинг аймақтармен, кітапханалармен, спорттық және коммерциялық орындармен жабдықталған. Жатақхана құрылысында ерекше қажеттілігі бар студенттердің де талап-тілегі ескерілген. Оның дизайны мен инфрақұрылымы кедергісіз орта қалыптастыру талаптарына сай келеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Президентке студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы академиялық хаб құру шаралары жөнінде баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалап, білім беру саласындағы және жастар арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ жұртты алаңдатқан метапневмовирус туралы пікір білдірді. «Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек», деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы жатақханада студенттермен әңгімелесіп, Ana tili газетіне берген сұхбатында айтқанындай, елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға ерекше мән берілетінін, бұл озық технологиялар әр салаға енгізілетінін жеткізді. Президент бұл ретте жастарға айрықша үміт артатынын атап өтті.
Жалпы былтыр ел аумағында 11 079 орындық 40 жатақхана пайдалануға берілген. Биыл Астана қаласының өзінде 3400 орындық 7 жатақхананы іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 4280 студентке арналған сегіз Студенттер үйі бар. Сонымен қатар сегіз жеке жатақханамен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. Биыл Студенттер үйлеріндегі орын саны 10 мыңға дейін ұлғайды. Бұл студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік берді.