Президент Қ.Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты өткен жылдың қиындықтарына карамастан жүзеге асырылған реформаларды және алдағы міндеттерді айқындайды.
2024 жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Табиғи апаттар мен сыртқы факторлардың салқыны тиді, сондай-ақ әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал қалыптасты. Дегенмен еліміз бейбітшілік үшін тиімді диалог орната алатын мемлекет ретінде өзінің халықаралық позициясын нығайтты. Бұл елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканың тұрақты дамуына септігін тигізді. Әлеуметтік мемлекет ретіндегі міндеттерін жүйелі жүзеге асыруды табанды тұрғыда жалғастырды. Айталық, былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы, азаматтық сала қызметкерлерінің жалақы мөлшері өсті. Жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан аса беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға да баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады.
«Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйенің заңнамалық негізін қалыптастыру мақсатында көп жұмыс атқарылды. Онда жинақталған қаржыны еліміздің, шетелдің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу, сондай-ақ тұрғын үй алуға жұмсауға болады.
Экология саласында да маңызды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Су ресурстарын басқару, табиғатты қорғау, су мамандарының тапшылығын шешу бағытында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылып, су шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар қолға алынды. Бұл қадам елдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ирригациялық каналдарды жаңғыртуға бағытталған.
2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл – жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, насихаттап, жастарды осы салаға тартуды көздейтін маңызды бастама.
Президент ауылдық аймақтарды дамытуға арналған ұлттық жобалардың жалғасатынын айтты. Жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, медициналық инфрақұрылымды нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Елге оралған жас мамандарға жағдай жасау, оларды жоғары табысты салаларға тарту Үкіметтің басым міндеттерінің біріне айналады.
Мемлекет басшысы халықтың үні – реформалардың негізі екенін әрі халықтың өмір сапасын жақсартуға арналатынын баса айтты. Сол тұрғыда Президент бастамаларын қолдап, стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға ат салысу саяси кемелділіктің көрінісі болмақ. Баршамызға қоғам өмірін, адам қызметін дұрыс жолға қойып, жаппай өсіп-өркендеу жолында жұмыла еңбектене беру қажет.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты