• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Солтүстік Қазақстан тұрғындары 1 мамыр мерекесін атап өтті

389 рет
көрсетілді

ПЕТРОПАВЛ. 1 мамыр.Қазақстан  халқының бірлігі күні Қызылжар өңірінде де достық пен татулықтың, бейбітшілік пен мызғымас тұрақтылықтың мерекесі ретінде көтеріңкі көңілмен, жарқын жүзбен асқақ рухта аталып өтті. Бұл туралы egemen тілшісі хабарлады. Адамдар бір-біріне амандық, саулық жолдап, еліміздің айбары  асқақтай беруін тіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс  келген мереке ел дамуының қарышты қадамы, бедел-абыройымыздың асқақтау, әр шаңыраққ а шаттық қонған, ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырған мейрам ретінде бағаланып,  ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиеттері ұлықталды. Мереке  салтанаты   Тәуелсіздік стелласы жанынан басталды. Онда облыс әкімі Ерік Сұлтанов тұрғындарға   жылы лебізге толы құттықтауын арнап,    Елбасы атынан 36 солтүстікқазақстандыққа  «Қазақстан халқы Ассамблеясына–20» мерекелік медалін табыс етті. Қаланың барлық ықшам аудандарында ұйымдастырылған  мерекелік бағдарламаларды қызықтаған жұртшылық қатары қалың болды.  Достық үйінде өткен «Халықтардың асыл қазынасы» атты байқауға 19 этнос клуб қызығушылық көрсетіп, өз нөмірлерінде ортақ шаңырақ астында бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті ынтымақта өмір  сүріп жатқан ұлыстардың баянды тірлігін, берік бірлігін арқау етті.   «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған «Мәңгілік Ел: бір халық,  бір тағдыр» конкурсы  көпшілік талғамынан шықты. Онда балалар әртүрлі тақырыптар бойынша сурет салудан сынға түсіп,  шығармашылық қарым-қабылеттерін танытты.  Абай мен Пушкин ескерткіші  қасында  «Достықтың саз әлемі» музыкалық-би композициясы  қанат қақса,  «Ассамблея ауры» атты түрлі этностардың әдемі  арулары қатысқан байқау да өз көрермендерін риза етті.  Демалыс және мәдениет  саябағында  студент-жастар «Достық дарханы» флеш-моб, қызықты  конкурстар ұйымдастырды. Мерекенің  сәнін қазақстандықтардың  татулығы мен келісімін паш еткен кешкі  мерекелік концерт келтірді. Ол шын мәніндегі достық ән-жыр, би арқауына айналып,  қыр бетін қызғалдаққа толтырып жібергендей  әсерге бөледі. Өмір Есқали. Дерек: egemen.kz Сурет: Талғат Тәнібаев.