• RUB:
    4.95
  • USD:
    527.3
  • EUR:
    544.86
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Қала мен дала қуанышы

78 рет
көрсетілді

Қармақшы ауданында №284 мамандандырылған мектеп-лицей интернаты жанынан салынған спорт зал мен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қуаңдария ауылынан бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.

Облыс әкімінің орынбасары, Қазақ­стан Республикасы Прези­дентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай жыл тоғысындағы қуа­нышқа жиылған тұрғындарды құттықтап, өңірдегі жетістіктерге тоқталды.

– Жыл мәресіндегі жаңа ғимараттар – тынымсыз еңбектің нәтижесі. 2024 жылы облыстағы денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн теңгеге жетіп, «Ауыл­дық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық ауда­нында құны 10 млрд 200 млн теңге болатын 27 медициналық нысан салынуы жоспарланған болатын. 16 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қалған 11 нысанның құрылысы да аяқталып келеді.

Өткен жылы білім саласына бөлінген қаржы 264 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға артты. «Білімді қолдау қорының» қаржысына Қы­зыл­орда қаласында физика-математика мектеп-интернаты, 10 млрд 900 млн теңгеге «Инновациялық-шығармашылық орта­лығы», «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен құны 4 млрд 800 млн теңге болатын музыкалық колледждің жаңа ғимараты бой көтеріп келе­ді. Бұлар биылғы жылы пайдалануға беріледі.

Қазан айында өңірде ел Президентінің бас­тамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған 900 орындық білім ордасы табысталды. Бұл – еліміздегі ұлттық жоба шеңберінде пайдалануға берілген мектептердің алғашқыларының бірі. Бүгінде жалпы 6 000 орынға лайықталған осындай 9 білім ошағы салынып жатыр. Өңірде әлеуметтік саладағы ауқымды жұмыстар жалғасын табады, – деді Қайрат Нұртай.

Мектеп-интернет жанындағы қосым­ша ғимаратта ойын залы, мұғалімдерге, ұл-қыздарға арналған бөлек бөлмелер, жуыну бөлмелері мен спорттық құрал-жабдық қоятын орын қарастырылған.

Аудан орталығынан шалғайда жатқан Қуаң­дария ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы маусым айында басталып, жаңа жыл қарсаңында аяқталды. Онда тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге арналған арнайы кабинеттер жаб­дықталып, шет ауылдағы ағайын ауыра қалса жанына шипа болатын барлық жағдай жасалған.

 

Қызылорда облысы,

Қармақшы ауданы