Алдағы аптадан Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталады. Жаңа жылдағы алғашқы тестілеуге қатысу үшін 167 мың талапкер өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 мыңға көп.
Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының таратқан ақпаратына сүйенсек, қаңтар айындағы ҰБТ 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Бұған дейінгі талапкерлерге беріліп келген мүмкіндіктер биыл да толығымен сақталады, тарқатып айтқанда, тестіленушілер өтініш беру барысында ҰБТ тапсыратын күнін, уақытын және пунктін таңдай алады. Сонымен қатар тестілеу кезінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасын қолдануға құқылы. Тест тапсырушылардың тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бірден өтініш беруге де қақы бар. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Мұның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екібейінді пән бойынша 40 тапсырмадан тұрады. Жоғары балл – 140, бұл да өзгеріссіз қалды.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық бағыттан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.