Біз – қашанда басалқы ойға тоқтаған, бәтуалы сөзге жүгінген халықпыз. Қазақ: «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар?» деп, өмір тағылымына иек артады. Берекесіздік – барлық кесапаттың бастауы. Сондықтан да халық болып сенім білдірген басшыға қолдау көрсету берекесіздікке жол бермейді деп сенеміз.
Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің жауапкершілігі – тек биліктің емес, баршамыздың парызымыз. Әділеттілік тұрғыда әрбіріміздің сана-сезіміміз, ісіміз, құндылықтарымыз, ойымыз еліміздің мүддесі жолында тоғысқанда тәуелсіздігіміз нығая бермек. Біз короновирус індетінен бері бірнеше күрделі дағдарыс жағдайларын оң шеше алдық. Олардың барлығы еңсесімізді түсірмей, қатая түсетінімізді көрсетті, халқымызды біріктіре түсті. Әрбір көкірегі ояу саналы азаматтар бұл шаралардан тыс қалған жоқ. Мысалы, Президент былтырғы су тасқыны салдарынан қандай сабақ алынып, жасалып жатқан маңызды іс-шараларға тоқталды. Іс-шаралардың қатарында су ресурстарын басқару тұжырымдамасы, оны орындаудың кешенді жоспары бар. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды. Қазір Парламентте Су кодексі қаралып жатыр. Мемлекет басшысы әр қиындықтың қайыры бар деп, әр нәрсеге байбалам салмай, байыпты болуға шақырады.
Президент сұхбатында: «Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тасқын Қазақстанда бұрын болмаған. Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады», деп атап өткен екен. Сол тұрғыда су тасқыны салдарынан мүлкі зақымданған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетілді. Өңірлерде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдар салу, қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілді. Айталық, Үкіметтің ресми деректеріне сүйенсек, 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді. Төтенше жағдай жарияланған аймақтарда атаулы әлеуметтік көмек беру отбасылардың материалдық жағдайын жергілікті комиссияның тексеруінсіз, автоматты түрде ІІІ тоқсанға ұзартылды. Нәтижесінде, 3,6 мың отбасына 655,7 млн теңге көлеміндегі АӘК төлемі тағайындалды. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 су басқан үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. Жөндеу жұмыстары 9 156 үйде 100% аяқталды. Бұл мақсатта барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды. Бір сөзбен айтқанда, қызыл судан зардап шеккен отбасылардың барлығы да көмек-қолдаусыз қалмады. Міне, осының бәрі – бірлігі бекем елдің тірлігі.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Сенат депутаты