Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде халықпен есептік кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Кездесуде вице-министр «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі жайында сөз қозғады. Оның «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан айырмашылығы жөнінде айтып берді. Бұл тақырып ата-аналарды көбірек қызықтырды. Осы орайда жоғары білімге жауапты маман тиісті ақпаратты министрлік сайтынан алуға болатынын жеткізді. Сонымен бірге Т.Ешенқұлов жоғары білімді қолжетімді етудің маңызы мен озық кадрлық саясатты жүзеге асыру, үздік білім жүйесін дамыту секілді мәселелерге тоқталды. Бұдан бөлек, ол аталған министрліктің алға қойған мақсаттары мен жобалары туралы кеңінен әңгімеледі.
Әсіресе жоғары білім ісінің артықшылықтары мен басымдықтарын арнайы сөз етті.
«Былтыр Ғылым және жоғары білім министрлігі үшін нәтижелі жыл болды. Көптеген ауқымды әрі маңызды жобалар мен іс-шараларды жүзеге асырдық. Мәселен, жоғары білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылмен салыстырғанда гранттар саны 5 мыңға артты. Яғни өткен жылы 93 мың грант бөлінді. Сондай-ақ докторантура мен бакалавриатқа бөлінген грант саны да едәуір өсті. Айта кету керек, өткен жылда талапкерлер саны көп болды, сонымен бірге олардың білім сапасы да жоғары деңгейді көрсетті. Осыған орай бәсекелестік күшейіп, кейбір мамандықтарға түсудің балдық көрсеткіші жоғарылады. Жоғары оқу орнына қабылдануды оңайлату үшін қанатқақты жоба ретінде екі түрлі грантты ұсындық. Оның бірі – сараланған, яғни дифференциалды, екіншісі – жеңілдетілген несие түрінде берілген гранттар. Осы орайда 2024 жылы сараланған 300 грант бөлдік. Оны алуға 30 мың талапкер құжат тапсырды. Жалпы, сараланған грант жобамызды талапкерлер өте жақсы қабылдады. Сонымен бірге «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін жасадық. Оның заң жобасы Парламентке ұсынылып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Одан бөлек, мемлекеттік «Серпін» бағдарламасын жетілдіру бағытында республиканың 8 өңірінде арнайы жобалық кеңселер құрылды. Бұл ретте жоғары оқу орындары, жергілікті әкімдік пен кәсіпорындар тарапынан дайындалған жоспарлар осы жобалық кеңседе қаралады. Мұнда көзделген мақсат – студенттердің білімін жақсарту, оқу бағдарламасының сапасын күшейту, оқу бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасып, елге пайдасын тигізу», деді Т.Ешенқұлов.
Жоғары білім саласына жауапты маманның айтуынша, білікті жас кадрларды даярлау оқу бағдарламасының сапасы мен университеттердің оқытушы-профессорлық құрамының жоғары деңгейіне байланысты. Осы екі мәселені шешу жолында министрлік былтыр оқу бағдарламасының 90% жаңартқан. Соның нәтижесінде болашақ кадрларды даярлау ісі экономика мен өндіріс саласындағы бүгінгі талаптар мен сұраныстарға сәйкестендірілді. Вице-министрдің мәлімдеуінше, жоғары оқу орындарына материалдық-техникалық базаны күшейту жөнінде талаптар қойылды. Оның ішінде кітапхана жүйесін дамыту, қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету міндетін атап өту керек. Сала маманының айтуынша, бұл – студенттердің білімін шыңдауға қажетті ең бірінші талап. Сонымен бірге жатақхана мәселесі министрліктің күн тәртібінен түскен емес. Осыған байланысты арнайы жоспар құрылып, тиісті жұмыс қолға алынды. Нәтижеге орай былтыр көзделген 10 мыңның орнына 11 мың студент жатақханамен қамтамасыз етіліп, 40 жатақхана ғимараттары пайдалануға берілді. Сала өкілінің сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы да өз жалғасын табатын болады. Бұдан өзге есепті жыл ішінде республикада алғаш рет академиялық және зерттеу артықшылықтары орталығының отандық моделі әзірленді.
Вице-министр өз сөзінде ведомство педагогикалық мамандықтарға оқыту ісіне ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Себебі өскелең ұрпаққа сапалы тәлім-тәрбие беретін мұғалім болғандықтан олардың білімді де білікті болуы өте маңызды. Осы тұста Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ педагог-мамандар даярлаудың оңтүстік өңіріндегі ұстаханасы деп атаған жөн.
Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қолға алынған қанатқақты жобаның бірі – Ұлттық рейтинг көрсеткіші. Енді аталған бастаманы жүзеге асыру көзделіп отыр. Яғни осы арқылы университеттердің маман даярлаудағы жұмыстарының сапасы көрінеді. Бұл бірінші кезекте келешек талапкерлердің жоғары оқу орнын дұрыс таңдауына көмектеседі. Екіншіден, ұлттық рейтинг білім саласы нарығында жоғары оқу орындары арасында өзара бәсекелестікті күшейтеді. Ал бұл ең алдымен білім сапасының күшеюіне септігін тигізері хақ.
ШЫМКЕНТ