«Шымбұлақ» тау шаңғы кешенінде жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында саңлақтарымыз тағы да қуантты. Анастасия Городконың жарқын жеңісін жалғап, Дінмұхаммед Райымқұл фристайл-акробатикадан топ жарды.
Финалдық сайыста Дінмұхаммедтің шеберлігі жоғары бағаланып, 104,52 ұпай алды. Күміс медальды қытайлық Юч Юнхен еншілесе, қола медаль да Қытай елінің үмітін арқалаған Ян Чжичэнге бұйырды.
Жерлесіміз іріктеу сынында 4-сатыға тұрақтап, финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Жалпы, фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасында өтетін әлем біріншілігінде бұған дейін еншімізге алтын медаль бұйырмай келген еді.
Қыздар додасында Ардана Маханова іріктеу кезеңінде 7-сатыға тұрақтап, финалдық сайысқа өте алмады. Алматы төріндегі әлем чемпионатына 16 елден үздік спортшылар қатысып жатыр.
Қою шаңға көмілді
Германияның Оберхоф қаласында биатлоннан әлем кубогінің кезеңі басталды. Кеше әйелдер арасында спринттік дода өтіп, Франция спортшысы Паула Боте қара үзіп келді.
Күміс медаль норвегиялық Марен Крикейге бұйырса, қола медальды болгар қызы Милена Тодорова еншіледі. Ел сенімін ақтайды деген спортшыларымыз үздік ондыққа да іліге алмады. Тәуір нәтиже көрсеткен Полина Егорова 80-сатыға тұрақтаса, Ольга Полторанина 85-орынды, Галина Вишневская-Шепоренко көш соңында қалып, 96-орынды місе тұтты.