Түркияның «Dünya» газеті Қазақстанға арналған арнайы нөмірін жарыққа шығарды
Түркияда «Dünya» алдыңғы қатарлы экономикалық газетінің толығымен Қазақстан Республикасының жетістіктеріне арналған «Қазақстан» атты арнайы нөмірі жарық көрді. Ол Қазақстанның жетістіктері туралы ақпараттық-анықтамалық материалдар мен мақалаларды, сонымен қатар, Қазақстан Президентінің ел халқына Жолдауының негізгі қағидалары мен «Астана-ЭКСПО-2017» көрмесі туралы ақпараттарды қамтиды.
Арнайы шығарылымның алғашқы беттері елшіліктің түрік тіліне аударған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларымен басталады. Келесі беттерде Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың «Бейбітшілік пен өсіп-өркендеу жолында теңіздерді бағындыра отырып» атты мақаласы, Түркияның Экономика министрі Н.Зейбекші мен Түркияның Индустрия, ғылым және технологиялар министрі Ф.Ышыктың қазақ-түрік қарым-қатынастарының жай-күйі туралы, сонымен қатар, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаевтың, саясаткерлердің, академиялық қайраткерлердің және басқалардың екіжақты қарым-қатынастарды қамтитын мақалалары жарияланған. Оларда тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктері, даму бағдарламалары, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге дайындық, ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыруға әзірлік және басқа да маңызды мәселелер туралы жан-жақты әңгіме қозғалады.
Мәселен, Фикри Ышык өз мақаласында былай дейді: «Қазақ-түрік қарым-қатынастары институттық ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамығанын айғақтап беріп отыр. 2012 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Түркияға сапары аясында Қазақ-түрік Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алғашқы отырысы, ал Түркия Премьер-министрі Р.Т.Ердоғанның 2012 жылғы Қазақстанға сапары шеңберінде екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға мықты негіз қалайтын «Жаңа синергия» атты бірлескен экономикалық бағдарламаға қол қойылды».
Газеттің редакторлары қазақ-түрік сауда-экономикалық ынтымақтастығына көңіл бөліп қана қоймай, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан қазақ-түрік бірлескен компаниялары мен фирмаларының рөлін ерекше атап өтеді.
Арнайы шығарылымның жеке бір тарауы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық іс-шараларына арналыпты. 2017 жылы көрмені ұйымдастыру құқын жеңіп алу бәсекесіне Бельгияның Льеж қаласы да түскен еді, алайда, шешім баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияларға басымдық берілген «Болашақтың энергиясы» атты тақырыппен өтетін Астананың пайдасына шығарылды, деп нақтылайды өз мақаласында басылым.
Жалпы, арнайы шығарылым түрік қоғамының Қазақстанға және еліміздің жетістіктеріне зор қызығушылық танытатынының бір көрінісі болып табылады.
«Dünya» – Түркияның ең танымал экономикалық газеті. Ол Түркияның барлық аумағында, сонымен қатар, Түркияның Америка, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріндегі дипломатиялық және басқа да өкілдіктерінде таратылады.
«Егемен-ақпарат».