АҚТАУ. 1 мамыр. Ақтауда бірлік мерекесіне арналған шеруге 4,5 мың адам қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ақтау қаласының орталығында орналасқан Президент даңғылы бойындағы «Мәңгілік алаудан» басталған шеру қалалық әкімдік алдындағы Астана алаңына дейін созылды. Байкерлер мен барабаншылардың бастауымен жалғасқан шеруде алдымен этномәдени бірлестіктер өкілдері, одан кейін «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ұжымы, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ, қаладағы жоғары оқу орны мен бірқатар кәсіпорындардың ұжымдары жүріп өтті. Достық, бірлік тақырыбындағы ұрансөздер мен шарларды, жалаушаларды көтерген көпшілікті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев құттықтады.
Маңғыстау облысы бойынша барлық аудан, қалаларда спорттық, мәдени шараларға ұласқан мерекеде жергілікті өнерпаздар тұрғындар мен қонақтарға арнап концерт берді.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Серік Майемеров.