• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

Қыз намысы ұлт намысы емес пе?

13375 рет
көрсетілді

Қазақ ұлын ұядан, бала­пан ке­зі­нен қырандай қияға қа­нат қақ­са екен, отбасы, ошақ қа­сын­да қал­м­аса екен деп тілеген. Қар­ға­дай­ы­н­ан ашамай ерттеген тай-құ­нан­ға мін­гізіп, ұранымды айтар ұла­ным деп, қолдан келгеннің бә­рін ая­ма­ған. Талабын ұштаған. Қазақ­тың бетіндегі ұяты, көңіліндегі мия­­ты бол деген тілегін құлағына құй­­ған.

Сол тәрбие небір алып ұл­дар­ды, айтулы азаматтарды, ақ­ыл­­ды қыздарды, елі мен жерінің қор­ғаны болған батырларды, сөзге тоқ­таған ақыл иелерін, билік айтар би­лерін қалыптастырған. Біз бүгін со­лардың үлгісін мақтан етеміз, тү­сінгендеріміз аталы сөздеріне жү­гінеміз, ұқсап бақсақ дейміз. Бі­рақ олардың сұңғыла ісін толық бойы­мыз­ға дарыта алмай, оны өзімізден емес, өзгелерден көруге бейім болып ал­ғанымыз да ақиқат.

Қазақ қызын ұлдан жоғары қой­ған, босағаға отырғызбаған, жаны нә­зік деп көңіліне қараған, қонақ деп құр­меттеген. Тіпті кей тұста ұлға балап өсірген. Ұлттың алтын қазығы, ұлт­тың ғұмыры, ұлылық қыздың иба­сын­­да, ананың ақ жаулығында деп, осы­ны мойнындағы тұмар секілді ой-са­насына дарытқан. Ел шеті бүлінсе, ер­л­ердің қатарына қосып, кейде қару да ұстатқан. Бұған көзі ашық, арғы-бергі тарихты ой сарабынан өткізген жан жақсы біледі. Басқаны қойып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде ұлт ұранын көтерген батыр ұлдар мен батыр қыздарды еске түсірсек, жетіп жатыр емес пе?!

Біз бүгінде жоғарыда ұшқындатып айтқан ұлт үлгісінен алыстап бара жатқандаймыз. Әлемдік сапырылыс үдеп тұрғанда оған қанша жерден алдына тосқауыл болам десең де, бола алмайсың дейтіндер табылар. Бірақ, солай екен деп ұлттық дәстүрден қол үзіп, жұтылып кету керек пе деген ой жұдырықтай жүректі тайдай тулатып тұр. Мұндай тұста ұран ұстар ұл ын­жық­тық танытса, ибалы қыз қырын кет­се, жұртымыздың төрт құбыласын тү­гендеу қиын болары хақ. «Мен қауіп еткеннен айтамын: Ақ борықтай иілген, Кейінгі туған баланың, Ұстай ма деп білегін, Шая ма деп жүрегін, Шашын, мұртын қойдырып, Ащы суға тойдырып, Бұза ма деп реңін, Адыра қал­ғыр заманның, Мен жаратпай­мын сүреңін», – деп Мұрат ақын айт­­қандай, біз де ішкі қаупімізді сырт­қа шығарып отырмыз. Шынында, сұр­қың­ды алар сұйық іс бізде де жоқ деп айта алмасақ керек.

Нарық заманы ел адамдарын өзгерт­ті, өз күніңді өзің көруге тиіссің де­ген ұғымға ден қойған ұлт ұлдары әр алуан тірлікте жүр. Бірі базар жа­ға­лай­ды, енді бір соқталдай жігіттер кө­­ше­дегі тұраққа келіп тоқтаған ма­ши­на иелерінен алақан жайып а­қ­ша жи­найды. Бірақ, солардың ай­лығы шай­лықтан артылмайтын кө­рі­не­ді. Ұл­д­арымыз, қыздарымыз көше жа­ға­­лап жүрсе, жаның қалай ауырмасын. Бар байлықты шеттен келгенге ұстатып, өзімізді шеттетсек, бұл қалай бо­лады? Осындай жағдайда жі­гіт­те­рі­міз­ді еңбек етпейді деп желкелеу жөн бе екен?

Қыздарымыз туралы да әңгіме көп. Жел­дей еседі. Өзгені қойып, қорған болар өз қандастарымыз күндей күр­кі­рейді. Бабаларымыздың «қызға қы­рық үйден тыю» дегенін орындай алмай жүріп, кінә тағуға, мін ілуге неге құ­ма­рмыз? Абай айтпақшы, өз отбасы­мыздан аулақ болса, қия басқанды ұл­ты­мыздың бұл да бір балапаны емес пе демей, сыртқа тепсек, әлгі ба­лапанның бағы қалай ашылады? Бұл жері көп, халқы аз халық үшін бір кездері қатер болып жүрмей ме? Қазір қыздарымыз шетке кетіп жатыр, өзгенің етегінен ұстайды деп дү­рілдейміз. Бұл неліктен дегенге мән бермейміз. Оны «бұғаулайтын» қарындасын қадір тұтқан, әпкесін ардақтаған қазақ жігіті қайда деп ойланып көрдік пе? Бар пәлені қызға аударғанша, жігіттерге неге сұраулы жүзбен қарамаймыз? Қыз намысы ұлт намысы емес пе? Сол намыс туы ежелден-ақ жігіттердің қолында жүрмейтін бе еді деуге хақымыз бар болса керек? Бүгін сөзге іліккен қыз­дың тағдыры ертең өзге қазақ қы­зының басына келмейтініне кім ке­піл­дік бере алады?

Ұлт ғұмыры текті қыз­ға тәуелді. Текті қыздан текті ұлт туа­ды. Ендеше, ұлт қызының тағдыры ұран ұстар ұлдың қолында тұр. Сөз түйі­нін ұлт қызының үлгісі болған Фа­риза Оңғарсынованың: «Жоғары қырда ананың бағасы бек, алдына басын иген данасы кеп, Далада өсіріпті қыз­ды ардақтап, болашақ рулы елдің ана­сы деп. Ерліктің нышаны емес ас пен күші, Ел қорғау – ер жігіттің қас­терлі ісі, Жақсы әйел, жүйрік ат пен ал­мас қылыш – қазақта батырлықтың бас белгісі», деген өлең жолдарымен аяқ­тауды мақұл көрдік.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»