• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Темир Сариев Қырғызстан премьер-министрі болып бекітілді

273 рет
көрсетілді

АСТАНА. 1 мамыр. Кеше, бейсенбі күні Қырғызстан Жогорку кенеші Сариев Темир Аргембаевичті премьер-министр лауазымына бекітті. Бұл туралы KNews хабарлады. Сариевтің кандидатурасын парламенттегі көпшілік коалициясы ұсынды. «Ар-Намыс» альянсының төрағасы Феликс Кулиев осыған орай үкімет құрамындағы Қырғызстандағы интеграция және басқа да мәселелер бойынша жүріп жатқан ағымдағы процестердің бәрін білетін адамды таңдау туралы ұйғарым болғанын атап өтті. Кандидатурасын талқылау барысында Сариев министрлер кабинетін жөнге келтіруге, қатаң тәртіп орнатуға, сондай-ақ әділ парламент сайлауын өткізуге уәде берді. Ол сонымен қатар үкіметтің құрылымын өзгертуге уақыт тапшы болғанын, сондықтан тек бос орындарға ғана жаңа министрлер тағайындап, бұрынғы кабинет құрамын қалдыруға шешім қабылданғанын мәлімдеді. Осылайша қаржы министрінің орынтағына оның бұрынғы орынбасары Адылбек Касымалиев, экономика министрі болып Сариевтің бұрынғы орынбасары Олег Панкратов, ал көлік және коммуникация министрі болып Аргынбек Малабаев тағайындалды. Депутаттар талқылау кезінде Сариевке өздерін қызықтыратын бірнеше сұрақты қойып алып, оны үкімет басшысы етіп бекітті. Дауыс беру қорытындысында жаңа кандидатураны 97 депутат қолдаса, 2 халық өалаулысы қарсы болды. Өткен аптада бұрынғы премьер-министр Джоомарт Оторбаев Жогорку кенеште былтырғы жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп болғаннан кейін өзінің отставкаға кететінін мәлімдеген еді. Сәкен Майлыбай. Дерек, сурет: KNews.