АСТАНА. 2 мамыр. Италияның Милан қаласында ЭКСПО-2015 дүниежүзілік әмбебап көрмесі ашылды. «Әлемді тамақтандыру. Өмір энергиясы» деген ұранмен өтіп жатқан көрме азық-түлік қауіпсіздігі және әлемнің тұрақты даму мәселелерін қамтиды. Бұл туралы euronews.com хабарлады.
Көрмеге әлемнің 145 мемлекеті, халықаралық ұйымдар және ондаған ірі компаниялар қатысуда. Ашылу салтанатында Италия премьер-министрі Маттео Ренци барша қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі.
«Болашақ бүгіннен басталады. Қазір біз өмір сүріп отырған әлемде азық-түлік қоры бойынша теңсіздіктер анық байқалады. Бір жерлерде тамақ қалдығы тау болып үйіліп жатса, көптеген елдерде бір тілім нанға зар болып отырғандар бар. Соның салдарынан миллиардтаған адамның аштықтан қырылуы жалғасып жатыр. Ал келесі миллиард адам, керісінше, күнделікті астың көптігінен семіздік дертіне шалдығуда. Сол себепті, қазірден бастап мұндай қарама-қайшылықтарды жоюға күш жұмсауымыз керек», – деді Маттео Ренци.
Ватиканнан арнайы видеобайланысқа шыққан Рим Папасы Франциск ЭКСПО-ның жаһандық ынтымақтастықты нығайтуда маңызы зор екенін айтты.
Миландағы көрмеде 54 мемлекет 200 гектар жерге ұлттық павильондарын орналастырды. Ол жерлерде негізінен ұлттық дәстүрді дәріптейтін сауда-саттық пен ауыл шаруашылығына арналған дүниелер насихатталады. Ал өзге мемлекеттер өз өнімдерін белгілі бір салаларға ғана арналған жекелеген павильондарға қояды.
Айта кетейік, биылғы ЭКСПО көрмесі осы жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.
Еламан Қоңыр.
Дерек: euronews.com.
Сурет: eninadec.twomini.com.