• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2015

Студенттер сирек кездесетін шөптерді зерттейді

416 рет
көрсетілді

Мойынқұмның кең даласында сұңғыла деген шөп өседі. Ел оны кейде «сайсағыз» деп атаса, ғылыми әдебиеттерде «цистанхе» деп көрсетілген. Бұл өсімдік Қытай, Корея, АҚШ-та таза түрінде немесе дәрілік өсімдік ретінде қолданылады. Көп өндірілгендіктен соңғы жылдары бұл елдерде сұңғыланың қоры азайған. Ал Қазақстанда бұл өсімдіктің қоры жеткілікті. Бастапқыда Алматы облысының Бақанас және Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында өндірілуші еді. Соңғы жылдары тек Мойынқұм жерінен ғана жиналуда. Себебі, осы аймақта өсетін сұңғыла өсімдігінің химиялық құрамы сапалық жағынан ерекшелігі бар. Алғашқы кезде жылына 300 тоннаға дейін жиналса, кейінгі жылдары бұл 20-30 тоннаны құрап отыр. Жақында М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университетінің жанынан құрыл­ған «Фитохимия» оқу ғылыми-өндіріс орталы­ғының тұсаукесері өтті. Яғни, биология мамандығында оқитын студенттер мен ма­гистранттар іс-тәжірибеден өтетін көлемі 8 сотық болатын, оңтүстіккореялық «KOREA­GREENHOUSE CO LTD» компаниясының инно­вациялық технологиялары бойынша жасалған жылыжай ашылды. Міне, осы «Фито­химия» орталығы өндіріске ендірілу үшін, механика-химиялық әдістердің көмегімен медицинада қолдану аясы кең, Қазақстан флора­сындағы фармакологиялық құнды, эко­номикалық жағынан маңызды өсімдіктер қатарын толықтырған сұңғыланы тереңірек зерттеуге кірісіп кетті. Осы іске мұрындық болған су шаруа­шы­лығы, экология және құрылыс факультетінің био­логия кафедрасы қазіргі таңда Жамбыл облы­сының толыққанды экономикалық дамуы мен өркендеуіне қомақты үлесін қосып отырған, өңіріміздегі таңдаулы ғылы­ми-зияткерлік және ақпараттық-мәдени орта­лықтарының біріне айналып отыр деп айтуға толық негіз бар. Олар облыстық орман шаруа­шылығы қорымен тығыз байланыс орнатқан. Толықтай компьютерлендірілген жылыжай тамшылатып суару технологиясын қолданады. Тәжірибе ретінде алғаш рет өнімділігі жоғары голландиялық қызанақтың «махитус» сорты өсірілуде. Сонымен қатар, жылыжайда 4 000 да­наға жуық жоғары сортты голландиялық қияр, қызанақ және бұрыш түрлерінен мол өнім алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, орталық Жамбыл облы­сы­ның бірқатар дәрілік құнды (сүйелшөп, андыз, мия, т.б) өсімдіктерінен наноұнтақ алу мен сулы экстракты және түрлі көкөніс, жеміс-жидектердің түрлерін кептірумен айналысады. Оларды арнаулы полиэтилен қалташаларға салып дайындайды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.