Ел тарихын ерлер жасайтыны аян. Есімі ұрпаққа үлгі бола білген соғыс және еңбек ардагерлерінің бірі Жылқайдар Егінбайұлы еді. Жетісу губерниясының Қапал уезіне қарасты Балғалы болысындағы он бірінші ауылда дүниеге келген ол 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, майданға аттанды.
...Қыстың қақаған аязы қысқан желтоқсан айында Шаған тауының баурайындағы шағын ауылдардан жиналған бір топ жас жігіт соғысқа аттанады. Солардың арасында Жылқайдар да бар еді. Олар ырым болсын деп Көксу өзенінен бір-бір тостақ су ішеді. Одан соң ауылдастары Көкен Керімбеков, Тастан Қабдолданов үшеуі өзен жағасындағы тауға шығып, оның төбесіне өздерінің бір-бір затын қалдырады.
Көп кешікпей қатардағы жауынгер Жылқайдар Егінбаев №1045 атқыштар полкінде алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 8-ші гвардиялық панфиловшылар дивизиясының құрамына қабылданды. Осылайша, оның майдандағы жорық жолдары басталды.
Бірде Жылқайдар ағаның фашистермен қолма-қол айқасқа түскені бар. Сен фашисті өлтірмесең, ол сені өлтіреді. Оның үстіне бір адым кейін шегінуге болмайды. Олар шағын деревньяға бекініп алған жауды ығыстыру үшін шабуылға шыққан. Немістердің минометтерінен тоқтаусыз атылған оқ ажал шашып, жыландай ысқырады. Бұлар да қарсыластар бекінісін оқтын астына алып жатыр. Шабуыл толастаған бір сәтте жан-жағына қараса, жанында бірге жүгіріп келе жатқан Көкеннен басқа қарулас жауынгерлері көрінбейді. Екеуі взводтан әудем жерге ұзап кетіпті. Қолындағы мылтығын мығым ұстаған ол өзіне қарай ұмтылған немістің екі солдатын күрес тәсілін қолданып, жер жастандырады. Осындай тағы бір қиян-кескі ұрыс кезінде ол жаралы, ыңырсыған дауысты естиді. Түн қараңғы болатын. «Жылқайдар», деген әлсіз дауысқа жалт қараса, досы Көкен екен. Ол жараланыпты. Көкенді шинельге жатқыза сүйреп, жауынгерлерге көмек көрсетіп жатқан медбикелер мен дәрігерлерге жеткізді. Оқ оның қабырғасы мен иығына тиіпті. Олар жаумен ұрыста осылай шынықты.
Жылқайдар Егінбаевтың оқушылармен кездесуінде сұрапыл соғыстағы шайқасты есіне алып: «Ленинград қаласының жері сазды болғандықтан, терең қазған окобымыздың іші лай суға, қарға толып кететін. Соған қарамастан, ағаш бұтақтарын төсеп, күні-түні суық судың, қатқан мұздың үстінде көз іліндіріп жүрдік. Алайда, суық тиіп бір адамның жөтелгенін, ауырғанын көрген жоқпын. Сол кездегі жауынгерлер неткен мықты болған десеңші! Екінші бір таңғалғаным, өзіңді емес, артыңда тұрған еліңді қорғау қажет екенін бір сәт естен шығармайтынбыз. Үгіт-насихат өте мықты болды. Біз ел, жер үшін көзсіз батырлыққа баруға, ажал құшуға да дайын болдық. Мен патриотизмнің не екенін қанды майданнан ұғып, шыңдалып келгенмін», – деген еді.
Ол майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі Даңқ, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін» медальдарымен наградталған.
Соғыстан аман оралған Жылқайдар аға Алматы облысындағы Көксу ауданының Көкбастау ұжымшарында есепші, бас есепші болып еңбек етті. Одан кейінгі жылдары Куйбышев атындағы, Ленин атындағы ұжымшар басқармаларының төрағасы болды. Қашанда қарапайым, кішіпейіл, еңбексүйгіш, өзіне де, өзгеге де талап қойғыш, сөзіне де, ісіне де берік. Жылқайдар Егінбайұлының еңбектегі ерен істері лайықты бағаланып отырды. Ол Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Екі рет облыстық кеңеске депутат болып сайланды. 1993 жылғы 12 мамырда қазіргі Шаңырақ ауылындағы мектепке соғыс және еңбек ардагері Жылқайдар Егінбаевтың есімі берілді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.
Суретте: майдангерлер Ж.Егінбайұлы (оң жақта) мен Н.Аманбаев.