• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2015

Әкеміз – ардағымыз

538 рет
көрсетілді

Ибраимов Қуанғали 1913 жылы Семей облысы Аягөз ауданы Ақшатау ауылының Қоңыртау бөлімшесінде дүниеге келіпті. 1932 жылы ашаршылық кезінде шешесін, екі бауырын ертіп, көршілес Шар ауданының Қараш ауылына тұрақтайды. Осы жердегі Шар МТС-ке тракторшы болып жұмысқа орналасады. 1940 жылы озат тракторшы ретінде Мәскеуге слетке жіберіледі. Біздің бала кезімізде айтып отыратын: «Мәскеуді үш рет көрдім», – деп. Бірінші рет озат тракторшы ретінде жіберіпті. Екінші рет соғыс басталғанда жолай өтіпті. Үшінші рет соғыс аяқталғанда елге қайтып келе жатып аялдапты. 1941 жылдың тамызында неміс басқыншыларының КСРО-ға қарсы соғыс жариялауына байланысты әкемнің отбасынан екі адамды: өзі және үлкен ағасы Оразбай Мұқаевты әскерге алады. Оразбай атамызды Қиыр Шығыстағы  жапон милитаристері қауіп төндіріп тұрған аймаққа жібереді. Әкем Қуанғалиды Батыс майданға аттандырады. Осылайша ағайынды екеуі еліміздің Батысы мен Шығысын қорғауға атсалысады. Әкей 1941 жылдың  шілдесінен 1941 жылдың қыркүйегі арасында 3-ші атқыштар полкінде, ал 1941 жылдың қыркүйегінен 1943 жылдың мамырына дейін 73-ші танк бригадасында, 1943 жылдың мамырынан 1944 жылдың қаңтары аралығында атқыштар полкіндегі бөлімше командирінің көмекшісі, 1944 жылдың қаңтарынан 1944 жылдың қарашасына дейін 121-ші атқыштар полкінде рота старшинасы, 1944 жылдың қарашасынан 1945 жылдың ақпанына дейін 153-ші атқыштар полкіндегі взвод командирінің көмекшісі, 1945 жылдың ақпанынан 1945 жылдың тамызына дейін 698-ші атқыштар полкінде рота старшинасы болған. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен наградталған. 1945 жылдың тамызында Отанымызды қорғау борышын абыроймен атқарып еліне оралады. Содан бастап Семей облы­сының Шар ауданына қарасты Қараш ауылында тракторшы, егіс алқабында бригадир болып еңбек жолын жалғастырды. Адал еңбегі үшін ауданның, ауылдастарының құрметіне бөленіп, зейнетке шыққанша осы жерде еңбек етті. Зейнетке шыққаннан кейін туған жері Аягөз өңіріне көшіп келді. Бес бала тәрбиелеп өсіріп, оларға жоғары білім әперді. Соғыс және еңбек ардагері. Ол кісі 1994 жы­лы дүниеден өтті.  Жеңіс күні қарсаңында қатардағы май­дангерді осылайша еске түсі­руді парызымыз деп білеміз. Қамария Ибраимова. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы.