Бүгін Отанымыздың барлық өңірлерінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған шаралар бастау алады. Мұны ел өміріндегі ерекше оқиға ретінде бағалаған жөн. Ал осы орайда кеше Астананың бірқатар жоғары оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына орай дәрістер оқылды. Сондай шаралардың бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғимаратында өтті. Оған жоғары оқу орнының проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, Мәжіліс депутаты Зухра Саяпова және Астана қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Шерзод Пулатов қатысты.
Жиынды ашқан Дихан Қамзабекұлы мұндай шаралардың студенттер үшін аса маңызды екенін, себебі, осындай сипаттағы дәрістерді тыңдауға жастардың ықылас-ниеті айрықша екенін жеткізді. Бұдан кейінгі кезекте сөз алған Зухра Саяпова бұл жай ғана дәріс емес, қоғам үшін айрықша маңызға ие мәселені көп болып талқылау, саралау екенін атап өтті.
«Мен көп аудиториямен кездестім. Оларға «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы не білесіздер?» деп сұрақ қоямын. Олар әртүрлі жауап қайтарады. Мәселен, кей сұрақтың ауаны: «Иә, біз Ассамблея туралы естідік. Бірақ, оның қызметі қандай екенін білмейміз», дегенге саяды. Кейбір аудитория: «Иә, біз білеміз Ассамблеяны. Ол кіші БҰҰ секілді ұйым», деп жауап беріп жатады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде ұлттық мәдени бірлестіктер бой көтере бастады. 1995 жылы ақпан айында Елбасы Қазақстандағы барлық ұлттық-мәдени бірлестіктердің басшыларын жинап, пікірлесті. Себебі, дәл сол кезеңде, яғни Кеңес Одағының іргесі ыдырағаннан кейін посткеңестік кеңістіктегі елдердің барлығына ортақ мәселе – ол ұлтаралық татулықты, этносаралық бірлікті сақтау еді.
Міне, сол себепті де Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық-мәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесу кезінде осы мәселені күн тәртібіне шығарды. Бұдан кейін 1995 жылдың наурыз айында Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Ассамблеяның 1-ші сессиясы 24 наурызда өтті. Сол күннен бастап, ҚХА-ның барлық сессияларына бірлік, татулық, келісім ұғымдары өзек болуда. Қазіргі таңда біз сол кезеңнен бастау алған идеяны әлі де жалғастырып келеміз. Бұл идеяның құндылығы да, міне, осында», деді З.Саяпова.
Оның айтуынша, ҚХА алғашында Президент жанындағы кеңесші орган болса, 2007 жылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, сол бойынша Ассамблеяның Парламенттің 9 депутатын сайлайтын құқыққа ие болғанына тоқталды. «Демек, бүгінде ҚХА-ның конституциялық мәртебесі бар. Ассамблеяның негізгі қызметтерінің бірі – ол этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіру. Этномәдени бірлестіктер қоғамдағы келісім мен бірлікті дамытуға сеп болатын мүмкіндікке ие. Сондықтан, ҚХА-ның 20 жылдық даму тарихы қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің үлгісін көрсетіп берді», деді Мәжіліс депутаты.
Ал Шерзод Пулатов этномәдени бірлестіктердің қоғам өмірінде алар орнына баға бере келе, Астанадағы өзбек этномәдени бірлестігі, оның құрылу тарихы төңірегінде әңгімелеп берді.
«Біздің бірлестік 2007 жылы құрылды. Қазір ол 9,5 мыңнан астам өзбек ұлты өкілдерінің басын біріктіреді. Жалпы алғанда, этномәдени бірлестіктер ҚХА-ның ажырамас бөлігі. Себебі, этномәдени бірлестіктер ұлтқа, қоғамға қатысты мемлекеттік деңгейде көтерілген барлық мәселелерді тәжірибе жүзінде іске асыруға ықпал етеді. Яғни, олар халықпен тікелей жұмыс істейді. Астана қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігі үшін өзбек ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтау мен оны келер ұрпаққа аманаттау ғана маңызды емес, оның негізгі міндеті – ол қазақ жеріндегі қоғамдық бірлікті сақтауға үлес қосу. Бүгінде біз осы бағытты әрдайым назарда ұстауға ұмтыламыз», деді Ш.Пулатов.
Шараға қатысушылар, сондай-ақ, мұндай дәрістердің этносаралық келісімді жастар арасында кеңінен насихаттауға сеп болатынын жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».