Алматы облысының табиғат қорғау прокуратурасы су ресурстарын басқару саласында мемлекеттің мүдделерін қорғау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Нәтижесінде 8 су қоймасы мемлекеттің меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бас прокуратураның хабарлауынша, қадағалау қызметі барысында сенімгерлікпен басқарушылар тарапынан бұзушылықтар анықталған. Олар 8 су қоймасының тиісті техникалық жай-күйін сақтау жөніндегі шарттық міндеттемелерді елемей, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарына тексеру жүргізбеген.
«Бұл жағдайлар халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға да кері әсер етуі мүмкін. Қабылданған шаралардың арқасында жосықсыз басқарушылармен 8 шарт бұзылды, ал 20 млрд теңгеден астам соманың мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылды», делінген хабарламада.
Қазіргі таңда прокурорлық қадағалау актісі бойынша уәкілетті органдар су объектілерін көп факторлы техникалық тексеру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.