• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2015

Ынтымаққа ұйытқан ұйым

707 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Бұл – ел тәуелсіздігін нығайтудағы Ассамблеяның рөлін жоғары бағалаудың және оның қызметіне бүкіл халық болып атсалысудың белгісі. Осы орайда Жетісу жерінде тұратын 103 этнос өкілінің ынтымағы туралы Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбаймен әңгімелескен едік. – Ғабит Тұрсынбайұлы, өңір­дегі түрлі этнос өкілдерінің ын­тымағы, достығы туралы не айтасыз? – Елбасымыз: «Ассамблея де­геніміз – он жеті миллион қазақ­стандық», деп бекер айтқан жоқ. 1995 жылы 1 наурызда құ­рыл­ған осынау ұйым еліміздегі ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің ұйытқысына айналды. Көпэтносты қоғамымызда мә­дениеттердің дамуы, олар­дың жалпықазақстандық құнды­лықтарға үйлесуі және сол ба­ғыттағы шаралардың жүзеге асырылуы Ассамблеяның алдына қойылған маңызды міндеттер болып табылады. Қазақстан қоғамын құрайтын «тегі басқа болса да, теңдігі бір» этнос өкіл­дері өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін, ана тілдерін сақтап, қоғам талабына сай жаңғыртуға барлық мүмкіндіктерді алып отыр. Облысымызда Ассамблея аясында құрылған этномәдени бірлестіктер этностарға қатысты осындай бағыттарда жұмыс істеуде. Жалпы алғанда, барлық ұлт­тардың басты құндылықтары өзара ұқсас болатыны анық. Адам, қандай этнос өкілі екеніне қарамастан, барлық адамгершілік қасиеттердің қай-қайсысын болса да жоғары бағалайды. Бір қасиет бір ұлт өкілінде ерекше дамыса, келесі бірінің бойынан екінші бір жақсы әдетті көреміз. Сондықтан Елбасымыз айтқандай, «Көпэтностылық – проблема емес, керісінше, ол – біздің стратегиялық ресурсымыз». Мемлекеттік саясаттың бір қыры болып табылатын ашықтық пен көпвекторлылықты біз ішкі этносаралық қатынастардан да байқаймыз. Еліміз сыртқы сая­сатта өзге мемлекеттермен оң ықпалдастыққа қаншалықты ашық болса, ішкі саясатта да барлық этностардың игі дәстүрлерін дамытуды соншалықты қолдаймыз. Осы орайда, бірегей жоба бойынша салынған Алматы об­лыс­тық «Достық үйін» ерекше атап өтсек болады. Мұнда об­лыстық этномәдени бірлестік­тердің қатысуымен өткізіле­тін барлық шаралар қазақстан­дық патриотизмді, жалпықазақ­стандық мәдениетті нығайтуға бағытталған. 2014 жылдың қоры­тындысы бойынша облыстық Ассамблея «Достық үйі» мен этномәдени бірлестіктердің ресурстарын жұмылдыра отырып, 300-ге жуық қоғамдық-көпшілік шара өткіздік. Осы форумдар, фестивальдер, акциялар, байқау­лар, ғылыми-практикалық конферен­циялар, оқыту семинарлары мен дөңгелек үстелдер, қайырым­ды­лық акциялары, шығарма­шы­лық кештер және тағы басқа­ла­рына 350 мыңнан астам адам қатысты. – Нақтылай түссек... – Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын қолдау мақсатында өткізілген патриоттық акция, «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы бойынша облыс бойынша және көршілес Шығыс Қазақстан облысында 21 шара өткізілді. «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында өткен «Достықта жоқ шекара» аймақтық шекара маңы әріптестігі фестивалі деп те тізбелей беруге болады. Ерекше бір айта кетерлігі, осы шараларға қатысушылардың басым көпшілігі – жастар. Бұл ел келешегін қалыптастырудағы Ассамблея қызметінің ауқымдылығымен қатар, терең мазмұндылығын және мақсатының биіктігін айғақтайды. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны облыс әкімі Амандық Баталовтың 2014 жылдың қараша айындағы қау­лысымен «Алматы облысы әкімі­нің аппараты» мемлекеттік меке­месінің «Достық үйі» – қо­ғам­­дық келісім орталығы» ком­му­налдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Яғни, қыз­меті таза мәдени бағыттан қо­ғам­дық-саяси мазмұнға ауысты. Соған байланысты құрылымында да өзгерістер болды. Ол осы жаңа сапада Алматы облыстық Қа­зақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етеді. Жаңадан құрылған этнос­ара­лық қатынастар саласын талдау және мониторинг жүргізу бө­лімінің құрамында саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, ғылыми жұмыстарды үйлестірушілер және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыстырушы мамандар қызмет істеуде. Олар халық арасында әлеуметтік сауалдамалар жүргізіп, ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды қадағалап, нәтижелерін ғылыми тұрғыда талдау ісін ұйымдастырады. Жалпы алғанда, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің тірегіне айналған Қа­зақстан халқы Ассамблеясы жыл­дан-жылға өз маңызын арттырып келеді. Құдайға шүкір, хал­қымыздың толерантты таби­ға­ты мен Елбасының сараб­дал­­ саясатының арқасында Қазақстанда саяси дүрбелеңдер мен этносаралық кикілжіңдер орын алған жоқ. Елбасының Жарлығымен құрылған Ассамблея еліміздегі мемлекеттік-ұлттық саясаттың тірегіне айналып отыр. Ассамблея жылын өткізуге байланысты ұлттық жоспар қабылданып, оның негізінде өңірлік жоспар бекітілді. Сол жоспар негізінде Елбасының тапсырмасын орындау, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту мақсатында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқорлық жасау бағытындағы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» байқауы, Тұңғыш Президент – Елбасының сынақтарына арналған «Ұлт рухы» байқауы, этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» байқауы, мемлекеттік тілді насихаттауға байланысты өзге ұлттар өкілдерінің балалары арасында өтетін «Мың бала» байқауы, этномәдени бірлестіктер арасындағы ең үздік әлеуметтік жобалардың «Мейірімділіктен – бірлікке» байқауы, бизнес-құрылымдар арасындағы ең үздік қайырым­дылық жобалардың «Жүректен жүрекке» жобасы, ең үздік инновациялық жобаларға арнал­ған «Жаңа ойлар табысқа жете­лейді» байқауы, ең үздік еңбек әулеттері арасындағы «Ар­ман­даған мамандық» байқауы – Қа­зақстан қоғамының әл-ауқа­тын арттыратын, халықты рухани кемелдендіретін, бірлік пен келісімді нығайтатын жобалар. Оларды жүзеге асыруға да мемлекет пен азаматтық қоғам­ның ынтымағы керек. Осы арада байланыстырушы ретінде облыс­тық Ассамблея барлық қажетті жағдайларды жасайтын болады. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.