Қоғам 07 Ақпан, 2025

Жауапкершілігі жоғары баспагер

237 рет
көрсетілді

Өз кәсібіне адал, өз мамандығын жақсы көретін бір адам болса - Бағлан Төлеуұлындай болсын. ҚР ПІБ Президенттік орталығының Баспа ісі және редакциялық қызметінің жетекші сарапшысы Бағлан ағаны барша әріптестері мол тәжірибесі, жоғары жауапкершілігі, еңбекқорлығы һәм адалдығы үшін жақсы көреді.

Бағлан Төребековтің баспа ісімен айналысып жүргеніне отыз жылға жуықтап қалыпты. Бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, басқаларға тәлімін үйретуге әбден жететін уақыт. Ол кезінде мамандығын дұрыс таңдағанына ешқашан күмән келтірген де, өкінген де емес. Керісінше, мамандығын мақтан тұтады, жұмысы өте сапалы екеніне сенімді. Нағыз уақыт талабына сай, өзіне де, жұртқа да пайдалы, шығармашылық шабыт пен қабілетті қажет ететін іспен шұғылданады.

«Еңбек жолымды 1985 жылы Қарағанды политехникалық институтында оқытушы қызметінен бастадым. 1996 жылдан бастап полиграфия және баспа ісі саласында жұмыс істеймін. Алғашқыда дизайнер болып, әртүрлі бағдарламаларды меңгердім. Кейінірек көптеген баспа, кесу, желімдеу және басқа да жабдықтармен жұмыс істеуді үйрендім. Қазіргі уақыттағы жұмысым да осы полиграфиямен тікелей байланысты», деді Бағлан Төлеуұлы.

Бұл кісі ҚР ПІБ Президенттік орталығының іс-шараларын өткізуге тікелей атсалысатын адам. Себебі, іс-шараның жоғары деңгейде өтуі  үшін ұсынылатын типографиялық өнімдер де сапалы болуы керек.

«Мен үшін бұл шығармашылық ізденіс пен энергияны талап ететін қызықты әрі көңілді жұмыс. Президент Қ.К.Тоқаев жариялаған биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы мен сияқты қарапайым, өз мамандығын жетік меңгерген еңбек адамдарын қолдау деп білемін. Қазақстанның қарқынды дамуына жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жастар мен білікті мамандар ғана елеулі үлестерін қосатынына сенімдімін», деді Б.Төлеуұлы

Бағлан Төлеуұлы жас мамандарға ағалық ақыл-кеңесін айтып, білгенімен бөлісіп, бай тәжірибесін үйретуден шаршамайды. Үйренгеніңмен тоқтап қалмай, жетіле беру керек дейді. Сол үшін де ол кісінің іргелі ұжымда елеулі орны бар. 

Біз баспагердің еселі еңбегіне табыс тілейміз!