• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2015

Ақын сыныбы

250 рет
көрсетілді

Қазақтың аяулы да көрнекті ақын қызы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың есімі поэзиясымен де, елінің кемел келешегі үшін сіңірген ерен ең­бегі­мен де ел жадында жаңғыра береді. Өйткені, ақынның нәзік те кәусар жырларын барша оқыр­ман сүйіп оқиды. Ақынның шы­ғар­машылығын зерттеуге талпыныс білдірушілер арасында Аты­раудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары да бар. Аталған білім ордасы химия-биология бағытында шәкірт тәрбиелеуге машықтанғанмен, мұнда жас буынның білімді, білікті болуымен бірге, елдің тарихы мен мәдениетін, әдебиетін мен өнерін терең меңгеруіне басымдық беріледі. Мектеп директоры Айдарбек Айтбукешовтің айтуынша, әсіресе, әдебиетке жаны құмар оқушылардың талабына зор қолдау жасалып отыр. Тіпті, мектеп оқушыларының Фариза ақынға арнаған шығармаларының жинағы шығарылып, ақын мұрасын кеңі­нен насихаттау да қолға алыныпты. Сол себептен, білім ордасында қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова атындағы арнаулы сынып ашу ұйғарылыпты. Ақын атындағы арнаулы сы­ныптың ашылуында Фариза Оңғар­сынованың курстасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп студенттік күн­дердің, аяулы ақынның поэ­зия әлеміне алғаш қадам басқан сәттерінің естелігімен бөлісті. Ал педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Қайыржанқызы ақын поэзиясының терең сырлары туралы әңгімеледі. Фариза ақын шығармашылығын зерттеу­ге талпыныс білдірген мектеп оқушылары өз өлеңдерін оқыды. Арнаулы сыныптың ашылуына ақынның сіңлісі Арита Асқарқызы да қатысты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.