АСТАНА. 6 ақпан. AIBA Proboxing жобасында бақ сынап жүрген боксшымыз Біржан Жақыпов (49 кило) кезекті рейтингтік жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Гонконгте өткен сайыста Біржан бразилиялық Чагас Валерио Лоуренсимен жұдырықтасты. Тартыс соңында қапталдағы төрешілер бірауыздан жеңісті қазақ боксшысына берді (58:56, 58:56, 58:56). Қос боксшы жоба аясында осыған дейін бір мәрте кездесіп, ол кезде де біздің жігіт басым болған еді.
Біржан үшін бұл рейтингтік жекпе-жек. Жобаның алғашқы кезеңінде финалға шыға алмаған ол енді екінші кезеңде Олимпиада жолдамасына таласып көрмек. Сондай-ақ, АРВ жобасының бұл кезеңінде Олимпиада жолдамасына боксшыларымыз Ілияс Сүлейменов (52 кило) пен Антон Пинчук (91 кило) те таласатын болады. Екеуі де соңғы рейтингтік жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады. Ілияс алжирлік Мохаммед Флиссиді екінші раундта техникалық нокаутпен жеңсе, Антон германиялық Эмир Ахматовичтен 3:0 (59:55, 59:55, 59:55) есебімен басым түсті.
Сонымен қатар Гонконгте өткен бәсекеде 49 кило салмақ дәрежесі бойынша бірінші кезеңнің чемпионы анықталды. Бұл салмақта финалға қос қытайлық боксшы Лю Бин мен Жун Лин Ву шыққан еді. Екі боксшы арасындағы тартыста Лю Бин 3:0 (79:73, 78:74, 79:73) есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық белдікке ие болды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: aibaproboxing.com.