• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2015

Атырауда жұмыс берушілермен меморандум жасақталды

337 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 6 ақпан. Атырау облысында 82 жұмыс берушімен жұмыс орындарын сақтау және отандық өнімдерді сатып алу жөнінде меморандум бекітілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Соңғы бес жылда Атырауда инудстриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы индустрияландыру картасымен 35 инвестициялық жоба іске асырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі 76 миллиард теңгені құрап, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осы кезеңде индустрияландыру картасы шеңберінде кәсіпорындар 33 миллиард теңгенің отандық өнімін өндіріп, қызметін көрсетіпті. Алайда, іске қосылған кәсіпорындардың арасынан екеуі ғана жобалық қуатына жете қоймапты. Ал биыл 14 кәсіпорынның жобалық қуатына жетуіне байланысты индустрияландыру картасынан шығарылатындығы күтіліп отыр. Сонымен бірге, ағымдағы жылы 11 инвестициялық жобаны іске қосу жобаланыпты. Бұларға салынған инвестициялық қаржы – 226 миллиард теңге. Осы жобалар іске қосылғанда жаңадан 1 300-ден аса жұмыс орнын құрудың мүмкіндігі де қарастырылуда. Бұған қоса 210 гектарлық индустриалды аймақ құру жоспары бар. Мұнда экономиканы әртараптандыруға байланысты, әсіресе, мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге қолайлы жағдай жасалмақ. Дегенмен, шағын өндіріс орнын ірі кәсіпорынға айналдырған кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауына жүгінуден әлі бас тартпайды. Мемлекет оларға қандай қолдау көрсете алады? Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Энергетика министрі Владимир Школьниктің Атырау облысына сапары барысында нақ осы мәселеге екпін түсірілді. Өйткені, Атыраудағы ірі кәсіпорын жетекшілерінің айтуынша, өңірдегі шетелдік кәсіпорындарда тендер өткізудің ашықтығы әлі көңілге қона қоймайды. Ал «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасымен құрылыс жүргізетін кәсіпорындар үшін тұрғын үй шаршы метрінің бағасына өзгеріс енгізілгенін қалайды. Мұның себебін Атырау облысына инертті материалдардың өзге өңірлерден тасымалдау шығыны барын алға тартады. Құрылыс инудстриясының қарқынды дамуы үшін осы салада не агенттік, не министрлік құрылуы қажеттігіне назар аударғандар бар. Мұнай-газ өнеркәсібі үшін өнім өндіретіндер әлем нарығына шыққысы келеді. Осыған орай алыс шетелдермен сауда қатынасын реттеудің қажеттігін алға тартады. Өңірдегі отандық кәсіпорындар тынысымен кеңірек танысып, олардың басшыларымен жүздескен министрлер мемлекет тарапынан отандық кәсіпорындарға ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанына тоқталды. «Жұмыс берушілердің басты мақсаты – жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу, сонымен бірге, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау» деген ұйғарым жасады министрлер. Осыған өңірдегі 82 жұмыс берушімен арада меморандумға қол қойылды. Дәл қазіргі уақытта бұларда 38 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Мақсат – жұмыс орындарын қысқартпау және отандық тауар өндірушілерді қолдау білдіру. Мәселен, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны 2 миллиард доллар көлемінде отандық тауар өндірушілердің өнімі мен қызметін пайдалануға ниет танытып отыр. Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 5 миллиард 500 миллион теңгенің, «Қазақтелеком» АҚ-ның Атырау облыстық телекоммуникация дирекциясы 300 миллион теңгенің отандық тауарын сатып алуға қадам жасады. Сондай-ақ, NCOC компаниясы өңірдің әлеуметтік саласында 23 миллиард 125 миллион теңгенің инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруды көздейді. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: egemen.kz. Сурет Рахым Қойлыбаев.