• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2015

Универсиадада тағы 2 алтын медальға қол жетті

267 рет
көрсетілді

Қазақстан студент спортшылары қазіргі күндері Ис­панияның Гранада қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиадада бұрнағы күні тағы 2 алтын, 1 күміс медальға қол жеткізді. Оларды фристайлдың могул түрі бойынша Юлия Галышева (суретте) мен Павел Колмаков түсірді. Ал күміс медальды қоржынға Дмитрий Рейхерд салды. Юлия Галышева бірінші орынды 66,00 ұпаймен жеңіп алды. Екінші орынға 59,90 балмен ресейлік Марика Пертахия орналасса, үшінші орын 51,86 ұпай жинаған кореялық Со Чжи Вонға тиесілі болды. Қазақстанға бұл күні екінші алтын медальды алып берген фристайлшы Павел Колмаков 72,45 балмен топ жарды. Екінші орынға оның командаласы Дмитрий Рейхерд 68,73 ұпаймен жайғасты. Ал үшінші тұғыр ресейлік Сергей Шимбуевке (62,11) бұйырды. Бұл жолғы Қысқы Универсиаданың екіге бөлініп өтіп жатқаны белгілі. Оның алғашқы бөлімі Словакияның Осрблье қаласында ойналса, соңғы кезеңі ақпан айының басынан бастап испан жеріне ауысты. Осы кезге дейін Қазақстан құрамасы екі жақтан 10 медаль алып үлгерді. Оларды 5 алтын және 5 күміс медальдар құрайды. Осыншалықты медаль қорымен біздің спортшылар командалық есепте Ресей студенттерінен кейінгі екінші орында келеді. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.