Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйытқы болуымен Жамбыл облыстық көрме залында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Өнер – ата-дәстүр мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды. «Кәрі тарихтың қойнауына үңілер болсақ, аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен қилы-қилы замандарда қаншама ел мен жұрт түрлі алапаттардың жойқынына төтеп бере алмай, жұтылып кете барды. Тіпті, жер бетінен жоғалып кеткендері де жетерлік. Аллаға шүкіршілік, ұлан-байтақ жеріміз, төрткүл дүние мойындаған егемен мемлекетіміз бар. «Өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған – өскендіктің белгісі» деген, бұл іс-шараның жас ұрпаққа берер тәлімі зор», дейді оқу орнының ректоры, профессор Дария Қожамжарова.
Көрмеге аталмыш оқу орнының Шығармашылық мамандықтар факультетінің оқытушылары мен студенттерінің 60-тан астам қолданбалы өнер және кескіндеме жанрындағы туындылары қойылды. Атап айтқанда, Қ.Нұрбайқызының «Айша бибі», А.Аманжолдың «Шебер қолы», А.Нейфелбдтің «Бесік», А.Жанқожаеваның «Караван» атты картиналары тарихтың терең қойнауынан сыр шертеді. Ал, Ж.Тұрмаханованың «Бәйтерек тарихы», Ш.Жұмалиеваның «Астана жолы», Г.Нұрпаштың «Ертегі әлемі», Ж.Қилыбаеваның «Көктем көңілі», А.Фиешканың «Нежность» тақырыбындағы өнер туындыларында егемен еліміздің жеткен жетістіктері мен толайым табыстары көркем бейнеленген. Сонымен қатар, ұлттық музыкалық аспаптар мен киімдер, күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылған заттар қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аударды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.