АСТАНА. 3 мамыр. Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедовтің немересі Керимкули соңғы күндері түрікмен телевидениесінің нағыз қаһарманына айналып тұр. Бұған бала Бердымухамедовтің ат бәйгесіне қатысқаны себеп болған. Бұл туралы «Азатлык» радиосы хабарлады.
Оқиға 26 сәуірде Ашхабадтың халықаралық ат спорты ипподромында Түрікмен сәйгүлігі күні құрметіне арналған ат бәйгесінен кейін өрбіген. Осы күнгі түрікмен телевидениесі хабарларының нағыз мық шегесі президент Гурбангули Бердымухамедовтің 12 жастағы немересі Керимкули Бердымухамедовтің сол жарысқа қатысқаны болған. Жас шабандоз осы бәйгеде Довамат (қазақша – Жалғас) деген айғырмен жарыс жолына шығады. Ал оның атбегі ретінде президенттің өзі қызмет етеді.
Айта кететін жайт, 2014 жылы Гурбангулы Бердымухамедов «Түрікменстанның шебер атбегі» деген атақ алған еді. Оған бұл шен «түрікмен аттарының даңқын қайта жаңғыртуда, халқымыздың атбегілік өнері беделін көтеру мен оны бүкіл әлемге танытуда, ат спорты мен жылқы шаруашылығы саласын, бұл саладағы кең ауқымды халықаралық ынтымақтастықты дамытуда сіңірген аса көрнекті еңбегі, сондай-ақ жоғары шабандоздық шеберлігі үшін» берілген болатын.
Түрікменстан мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда, «елдің түрлі ведомстволары тағайындаған жүлделер мен Түрікменстан президентінің бас жүлдесі үшін ұйымдастырылған мерекелік бәйге ең үздік ахалтеке аттарының және мықты шабандоздардың қатысуымен жеті түрлі қашықтық бойынша» өткізілген. Ақпарда сондай-ақ жеті бәйгенің барлық жеңімпаздарының есімдері де хабарланады. Бірақ агенттік репортажында президент немересінің жеңісі туралы бір ауыз сөз жоқ.
Соған қарамастан, телеарналар бәйгенің соңындағы салтанатты рәсімде бас бәйгенің Керимкули Бердымухамедовке тапсырылғаны туралы жарыса хабарлап, бұған телерепортаждарда айрықша мән беріп жатты. «Шамасы, президент немересі бәйгеге конкурстан тыс қатысса керек», деп мәлімдейді «Азатлык» радиосы өз хабарында.
Осы «оқиғаға» түсіндірме берген «Альтернативные новости Туркменистана» былай деп жазды: «Алтын Асыр» телеарнасының репортажын көргендердің көпшілігінің көңілінде жайсыз нәрсе қалып қойды. Телекөрермендерге бұл трибунада тұрған көрермендердің адал да әділ сайыс көрмек болған ниеттерін аяққа басып, өздерін алдап кеткендей әсер қалдырды».
Бұдан бір жыл бұрын тап осындай Түрікмен сәйгүлігі күні құрметіне өткен ат бәйгесінде көмбеге бірінші болып келе жатқан президент Бердымухамедов ердің үстінен ұшып түсіп еді.
Құрыш Нұрымбет.
Дерек, сурет: Азатлык радиосы.